БҰҰ Бас хатшысы АҚШ-тың сыртқы көмекті тоқтатуына байланысты шара қабылдауға шақырды
АСТАНА.KAZINFORM - Антониу Гутерриш бүкіл әлемдегі осал қауымдастықтарға әсер етуі мүмкін қауіптердің алдын алу үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы жақында АҚШ-тың сыртқы көмекті тоқтату туралы мәлімдемесіне алаңдаушылық білдірді.
- Даму және гуманитарлық көмек бағдарламалары дамушы елдерде күрделі қиындықтарға тап болған миллиондаған адамдар үшін өмірлік тірек саналады, деді Антониу Гутерриш.
БҰҰ Бас хатшысы АҚШ-тың әлемдегі ең ірі көмек көрсетушілердің бірі ретіндегі шешуші рөлін мойындап, жаңа әкімшілікпен ынтымақтастық қажеттігін атап өтті.
Гутерриштің шақыруы қақтығыстардың шиеленісуінен, экономикалық тұрақсыздық пен COVID-19 пандемиясының әсерінен туындаған жаһандық гуманитарлық қажеттіліктердің рекордтық деңгейі аясында жасалғаны аталып өтті.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп басқа елдерге дамуға көмек көрсету бағдарламаларын 90 күнге тоқтату туралы жарлыққа қол қойғаны хабарланған болатын.