БҰҰ Бас хатшысы Израильдің Сириядағы әуе шабуылын айыптады
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Израильдің Сириядағы Сувейда, Дараа қалалары мен астана Дамаскке жасаған соққыларын қатаң айыптады. Бұл туралы Anadolu жазды.

БҰҰ Бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дюжаррик күнделікті баспасөз мәслихатында Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты журналистер сұрақтарына жауап беріп, Гутерриштің жазбаша мәлімдемесін оқып берді.
— Бас хатшы (Гутерриш) Израильдің Сувейда, Дараа және Сирия астанасы Дамасктің орталығына жасаған әуе шабуылдарының күшеюін айыптайды, — деді Дюжаррик.
Ол Израиль армиясының Голан жоталарына қайта орналасқаны жөніндегі хабарламаларға сілтеме жасай отырып, БҰҰ басшысының бұл оқиғаларға жауап қайтарғанын айтты.
— Бас хатшы бейбіт тұрғындарға қарсы кез келген зорлық-зомбылықты, соның ішінде ерікті өлтірулер мен дінаралық шиеленісті күшейтетін, сириялықтардың бейбітшілік пен татуласуға деген үмітін жойып жатқан әрекеттерді қатаң айыптайды, — деді баспасөз хатшысы.
Сириядағы қақтығыстың 14 жылдан бері жалғасып келе жатқанын еске салған Дюжаррик Бас хатшының сириялықтарға шынайы көңіл айтып, елдегі зорлық-зомбылықты дереу тоқтатуға шақырғанын жеткізді.
Айта кетейік, бұған дейін Израиль Дамаскідегі Президент сарайына әуе соққысын жасағанын жаздық.