БҰҰ қаржы тапшылығына байланысты бітімгершілік күштерін төрттен бірге қысқартады
АСТАНА. KAZINFORM - БҰҰ қаржыландыру мәселелеріне байланысты дүние жүзінде бітімгершілік операцияларына жіберілетін әскерлер мен полиция қызметкерлерінің санын шамамен 25%-ға қысқартуды жоспарлап отыр, деп хабарлады Reuters.

Қысқарту жалпы 50 мың бітімгершілік күшінің шамамен 13 000-14 000 персоналына әсер етеді. Оның үстіне биыл бітімгершілік миссиясының бюджеті шамамен 15%-ға қысқаруы мүмкін.
Басты себеп – бітімгершілік операцияларға ең ірі донор АҚШ-тың қаржыландыруына қатысты белгісіздік. Уашиңтон бюджеттің 26%-дан астамын, ал Қытай шамамен 24%-ын құрайды. Сонымен қатар Құрама Штаттардың БҰҰ алдындағы қарызы 2,8 миллиард долларды құрап үлгерді. Оның 1,5 миллиард доллары жаңа қаржы жылы басталғанға дейін жинақталған.
Агенттік дереккөзінің хабарлауынша, америкалық тарап шамамен 680 миллион доллар төлеуге уәде еткен, бірақ қаражаттың мерзімі әлі анықталған жоқ.
Қазіргі уақытта Конго Демократиялық Республикасында, Орталық Африка Республикасында, Оңтүстік Суданда, Ливанда, Кипрде және Косовода БҰҰ бітімгершілік миссиялары жұмыс істейді.
Бұған дейін БҰҰ қарусыздану бағытындағы келісімдердің мерзімін ұзартуды қолдайтынын хабарлаған едік.