БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 20 маусымда Таяу Шығыс пен Украинаға қатысты екі отырыс өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM — 20 маусым, жұма күні БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс және Украинадағы жағдайға қатысты екі отырыс өткізеді, деп хабарлайды ТАСС.

совбез оон
Фото: unrcca.unmissions.org

— Иранның өтініші бойынша отырыс жұма күні таңғы сағат 10:00-де (Астана уақытымен 17:00), ал Украина мәселесіне арналған отырыс сағат 15:00-де (Астана уақытымен 22:00) өтеді, — деді маусым айында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етіп отырған Гайана елінің тұрақты өкілдігі журналистерге.

Айта кетейік, бұған дейін Қауіпсіздік кеңесі Таяу Шығыстағы жағдай бойынша 13 маусымда шұғыл жиын өткізген болатын. Дәл сол күні Израиль Иранның ядролық бағдарламасына қарсы бағытталған «Қайта оянған арыстан» операциясын бастаған еді.

Еске сала кетейік, жуырда Халықаралық атом энергиясы жөніндегі агенттіктің (МАГАТЭ) Басқарушылар кеңесі соңғы 20 жылда алғаш рет Иранның міндеттемелерді бұзғанын растайтын қарар қабылдады. Құжатта 2019 жылдан бері Иран ядролық материалдары мен декларацияланбаған нысандардағы қызметі жөнінде толық әрі уақтылы ақпарат бермегені айтылған. Бұл – формалды міндеттемелердің бұзылуы саналады, бірақ міндетті түрде әскери бағдарлама бар дегенді білдірмейді.

Аталған қарар қабылданғаннан бірнеше сағат өткен соң Израиль Натанз бен Фордо қалаларындағы Иранның ядролық нысандарына соққы жасап, бірқатар ирандық әскери басшылар, ядролық физиктер мен бейбіт тұрғындарды нысанаға алған.

Соңғы жаңалықтар