БҰҰ Мьянмаға көмек ретінде 5 миллион доллар бөлді

АСТАНА. KAZINFORM — Біріккен Ұлттар Ұйымы жұма күні Мьянмаға жер сілкінісінен кейінгі зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 5 миллион АҚШ долларын бөлді. Сондай-ақ қосымша қажеттіліктерді анықтау және жауаптарды үйлестіру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп жазды Синьхуа БҰҰ Бас хатшысының өкілі Стефан Дюжаррикке сілтеме жасап. 

БҰҰ
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

— Біріккен Ұлттар Ұйымы зардап шеккендер саны, инфрақұрылымның зақымдануы және шұғыл гуманитарлық қажеттіліктер туралы ақпарат жинап жатыр, — деді Дюжаррик журналистерге.

Мьянма мемлекеттік әкімшілік кеңесінің мәліметі бойынша, жұма күнгі 7,7 баллдық жер сілкінісінен қаза тапқандар саны мыңнан асып кетті. С. Дюжаррик Мьянма билігі халықаралық қауымдастықты апат салдарын жоюға бағытталған күш-жігерді қолдауға шақырғанын айтты.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Төтенше көмек көрсету жөніндегі үйлестірушісі Том Флетчер адам өмірін сақтап қалуға көмек көрсету үшін БҰҰ Төтенше жағдайға қарсы әрекет ету орталық қорынан 5 миллион АҚШ долларын бөлуді бұйырды.

С.Дюжаррик жер сілкінісі Мьянманың орталық аймақтарына, эпицентрге жақын орналасқан Мандалай қаласына, сондай-ақ Нейпитау, Баго, Магвей, Сагаинг, Шан штаты және мүмкін басқа аудандарға айтарлықтай зиян келтіргенін айтты.

— Жер сілкінісінен Мьянмадан өзге, Таиланд та зардап шекті, — деді ол.

Бангкокта көпқабатты үй құлап, зардап шеккендер бар. Қалада төтенше жағдай жарияланды және үкімет әрекетті күшейтіп жатыр.

С.Дюжаррик күшті жер асты дүмпулері Қытайдың Мьянмамен шектесетін Юньнань провинциясында да тіркелгенін айтты. Алдын ала мәлімет бойынша, провинцияда аздаған қираулар бар.

— Сонымен қатар жер асты дүмпулері Бангладештің бірнеше қаласында, соның ішінде Дакка мен Читтагонгта дүрбелең тудырды. Зардап шеккендер туралы ақпарат түспегенімен, билік орындары ықтимал афтер сілкіністерге дайын болды, — деді С. Дюжаррик. 

БҰҰ Бас хатшысының өкілі әлемдік ұйым жағдайды жіті бақылап, қажет болған жағдайда қолдау мен көмек көрсетуді жалғастыратынын айтты.

Айта кетейік, Мьянмадағы жер сілкінісіне байланысты ЕО көмекке 2,5 миллион еуро бөлді.

Мьянмада жер сілкінісі салдарынан төтенше жағдай жарияланды.

Соңғы жаңалықтар