БҰҰ-ның бұрынғы арнайы елшісі, актриса Анджелина Джоли Газаға барды
АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық актриса, БҰҰ-ның босқындар мәселелері жөніндегі бұрынғы арнайы елшісі Анджелина Джоли Газаға барды. Ол Әл-Ариш ауруханасын және Рафах шекара бекетінің египеттік бөлігін аралап, Қызыл Жарты Ай ұйымының өкілдері мен Газа секторына гуманитарлық көмек таситын жүк көліктерінің жүргізушілерімен кездесті. Бұл туралы Agenzia Nova жазды.
БҰҰ-ның босқындар мәселелері жөніндегі экс-елшісін Газадағы сапары кезінде Солтүстік Синай губернаторы Халед Мегавер алып жүрді. Жалпы, губернатор палестиналық жарақат алған азаматтардың Египеттегі жағдайын көзімен көріп, шекарадағы гуманитарлық көмекті тарату жұмысын тексеру үшін келген. Оған еріп келген әйгілі актриса да палестиналықтардың жағдайымен қанықты.

Әл-Ахрам газетінің хабарлауынша, актриса шекара бекетіндегі гуманитарлық ұйым еріктілерімен кездескеніне айрықша ризашылығын білдірген. Египет Қызыл Жарты Ай ұйымының еріктісі Джолиға шамамен 2 миллион палестиналыққа шұғыл гуманитарлық көмек жеткізу үшін «мыңдаған жүк көліктері күтіп тұрғанын» айтты.

Джоли сондай-ақ палестиналықтарға көмек көрсетуге арналған қоймаларды аралап, гуманитарлық көмекті жіберу мен тарату бағытында Египеттің атқарып отырған жұмысына қанықты.
Сонымен қатар актриса соғыстан ауыр жарақат алғандарды көріп шығу үшін Әл-Ариш ауруханасына да барды.
Айта кетейік, бұған дейін Анджелина Джолидің Газаны қолдайтын мәлімдемесі туралы жаздық.
Ал оның алдында, яғни 2021 жылы әйгілі актриса Ауғанстандағы ахуал жайында баяндау үшін Instagram-да парақша ашқан еді.