Бюджетке лимит, легионерлерді шектеу, экстремизмнің алдын алу – Спорт туралы жаңа заң қандай өзгеріс әкеледі

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев спорт саласын реформалау шаралары туралы айтып берді.

Спорт туралы жаңа заң
Фото: Орталық коммуникациялар қызметі

Оның айтуынша, министрлік әзірлеген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заң жобасы 29 қаңтарда Мәжілістің екінші оқылымында мақұлданды және Сенат қарауына енгізілді.

− Заң жобасы спорт саласына бірқатар өзгерістер енгізуді көздейді: кәсіби ойын спорты клубтарын ұстауға бөлінетін бюджет қаражатына лимит бекіту; ҚР азаматтығын алмаған спортшыларды бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салу; «спорттың басым түрлері» ұғымын нақтылап, олардың өңірлік тізбесін бекіту, − деді С. Жараспаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, аккредиттелген спорт федерациясына діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу үшін шаралар қабылдау міндеттеледі. Спорт федерацияларын аккредиттеу талаптары белгіленіп, «мүгедектігі бар спортшыны сүйемелдеуші» ұғымы енгізіледі. Мемлекеттік дене шынықтыру және спорт ұйымдарының басшыларын ротациялау басталады.

Министрлік жанынан өңірлік спорт басқармасы басшыларын келісу бойынша арнайы комиссия құрылды. Бүгінгі таңда комиссия отырысында 11 өңірдің басқарма басшыларының кандидатуралары келісілді.

− Ең негізгі жаңалық – 60-қа жуық басым спорт түрлері анықталды. Оларға Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Паразия ойындарының бағдарламаларына енген спорт түрлері, олимпиадалық емес спорт түрлерінен Азия және Паразия ойындарына енген спорт түрлері және ұлттық спорт түрлері толық қарастырылды, − деп толықтырды спикер.

Республикалық және аймақтық аккредиттелген спорт федерацияларының мәртебесін ұлттық акредиттелген спорт федерацияларына өзгерту мәселесі енгізілді. Спорт федерацияларын аккредиттеуге қосымша талаптар айқындалады.

Келесі норма – бірінші топтағы мүгедек спортшының сүйемелдеушісі жаттығулар мен жарыстар кезінде оның жанында болады. Бұл стандарт мүмкіндігі шектеулі спортшылардың ұлттық және халықаралық жарыстарға дайындық сапасын арттырады және 2025-2027 жылдары шамамен 1671 спортшыны қамтиды.

Осыған дейін спорт легионерлерін бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынатыны туралы хабарланды.

 

Соңғы жаңалықтар