Біз достарымыздың тәуелсіздігін құрметтейміз - Эмманюэль Макрон

Франция президенті Эмманюэль Макрон Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен Ақордадағы кездесуінен кейінгі бірлескен мәлімдемеде мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың франциялық үлгісі туралы айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

макрон
Фото: Ақорда

«Мен сіздерге түрлі әрекет иелерінің тарапынан түсуі мүмкін қысымды жеткілікті деңгейде бағаламаудан аулақпын. Франция өзара достығымызды жоғары бағалайды. Біз қарым-қатынасымызды нығайту бағытында достық жолымен жүріп келеміз. Бұл халыққа қызмет ету жолындағы түрлі елдермен байсалды қарым-қатынасты қолдайтын жол болмақ», - деді Эмманюэль Макрон.

Сондай-ақ, Франция басшысы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың франциялық үлгісі қандай екеніне назар аудартты.

«Достығымыздың келешегі жарқын болатынына сенеміз. Керек кезінде достарымыздың жағында болып, жанынан табыламыз. Олардың тәуелсіздігін құрметтейміз. Үстемдік орнатқысы келетін немесе әрекетін болжап білуге болмайтын державалар барда дәл осындай философиялық ұстанымы бар жақсы достардың болғаны маңызды», - деді Франция Президенті.

Еске салайық, Франция Президенті Эмманюэль Макрон ресми сапармен Қазақстанға келді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Франция Президенті Эмманюэль Макронды қарсы алды.

Қазақстан мен Франция президенттері шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Макрон бұл сапар екіжақты серіктестік үшін маңызды жылмен тұспа-тұс келіп отырғанын айтты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Франция – Қазақстанның Еуропадағы өте маңызды серіктесі екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Президент кездесу кезінде білім және ғылым саласындағы жобаларды қолға алуға ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді.

Эмманюэль Макрон қазақ мектептеріне француз тілін оқыту тәжірибесі қайта оралғаны маңызды екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдегі түрлі саяси шиеленістер мен экономикалық дағдарыстар елді алаңдатып отырғанына тоқталды. 

Мемлекет басшыларының кездесуінен кейінгі қос елдің қарым-қатынасы қай бағытта дамуы мүмкін?

Айта кету керек, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға былтыр жасаған ресми сапары аясында 35 құжатқа қол қойылған болатын.

Соңғы жаңалықтар