Біздің жұмысымызда еш құпия жоқ — Президент ТРК бас директорымен сұхбат

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Президентінің Телерадиокешені екі жылдан астам уақыт бойы қарқынды трансформация сатысында болды. Осы уақыт аралығында қандай өзгерістер болғанын Президент ТРК бас директоры Раушан Қажыбаева Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтып берді.

а
Фотода Президент ТРК бас директоры Раушан Қажыбаева. Ақпарат көзі: Tengrinews.kz

— Раушан Жаңабергенқызы, екі жыл бұрын бізге берген сұхбатыңызда Президент телерадиокешенінде трансформация жүріп жатқанын айтқан едіңіз. Осы уақыт ішінде не өзгергенін  беріңізші. 

— Нақты өзгеріс — Телерадиокешеннің қазақстандық және шетелдік аудиторияға контент өндіру мен көрсету циклының тікелей біріккен телерадиокомпаниясы болуында. Бұл Мемлекет басшысының біздің алдымызға қойған тиімді медиакомпания болу міндетін шешуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда Телерадиокешен құрамында телеарналар, халықаралық ақпарат агенттігі және бүкіл отбасы үшін сапалы телевизиялық демалысты, болып жатқан оқиғаларды объективті жариялауды және халықаралық ақпарат алаңында ұлттық мүддені ілгерілетуді қамтамасыз ететін өз өндірістік базасы бар.

Телерадиокешен өз медиаресурстарымен, жоғары шығармашылық және техникалық әлеуетімен, соның ішінде кәсібилер командасымен Президент туралы негізгі контент фабрикасына айналды.

Біз бұл кешенді стратегияны кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жалғастырамыз, кей-кейде ғана әрекет етіп, бәрінің орнын басуға тырыспаймыз. Белгіленген жоспарды нақты орындаймыз.

— Бұл тәсіл сіздердегі медиа жұмысында қандай көрініс тапты? Мысалы Kazakh TV телеарнасы қалай жаңғырды?

— 2022 жылы Телерадиокешен құрылымына енген БАҚ-тың жай-күйі мен даму перспективаларын бағаладық. Сонда Kazakh TV қажеттіліктері мен талабы әртүрлі отандық және шетелдік аудиториямен жұмыс істеу тәсілдерін де түбегейлі қайта қарадық. 2022 жылдың 1 қыркүйегінде арна эфирі ішкі және халықаралық болып бөлінді, оның әрқайсысы жаңа атау алды.

Мәселен, халықаралық эфир Silk Way брендімен шықты және Kazakh TV хабар тарату дәстүрін жалғастырды, Телерадиокешен құрылымына ауысқанда бұл арнаның 20 жылдық тарихы бар еді. Қазақстандықтарға арналған контент — жаңа Jibek Joly телеарнасының эфиріне шыға бастады. Шетелдік және отандық көрерменге негізгі артықшылықтарға қарай контент ұсындық.

Бір сөзбен айтқанда, қазақстандықтарда 10 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет жаңа отбасылық телеарна пайда болды. Балаларға арналған мультфильмдер, фильмдер мен сериалдар, концерттер, ток-шоулар және әрине, ақпараттық-аналитикалық бағдарламалар — мұның бәрін көрермен Jibek Joly эфирінде болатынын біледі және тамашалайды. 

Халықаралық эфир Silk Way брендімен шыға бастады, бұл тұтас арнаның эфирлік нұсқаларының 20 жылдан астам тарихымен ажырамас байланысын көрсетеді.

— Jibek Joly телеарнасы ішкі нарықта танымал, ал Silk Way халықаралық эфирі қалай дамып келеді?

— Бұған дейін айтқанымдай, арнаның халықаралық эфирі Silk Way атауымен шығады және 4 құрлықтағы 120-дан астам елде хабар таратады. Қазір «жер үстінде» арнаның хабар таратуын қамтамасыз ететін 200-ден астам серіктесі бар және тұтас ресми дистрибьюторлар желісі бар.

Мұның бәрін біз екі жылда қалпына келтірдік, сол уақытта жаңа нарықтар мен хабар тарату жағдайын игердік. 2022 жылы Kazakh TV Телерадиокешенге ауысқанда оның жерүсті хабар тарату желісі іс жүзінде болмаған.

Неліктен бұған көп көңіл бөлдік? Silk Way-дің стратегиялық міндеті — аймақтық медиахабқа айналу, бүкіл әлемге хабар тарататын Орталық Азияның дауысы болу.

Қазірдің өзінде арна аймақтың бес елінің бірыңғай ақпараттық кеңістігін қалыптастыру бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұған керектің бәрі бізде бар: елдік және аймақтық контент, тармақталған тарату желісі, ұлттық және халықаралық тілдер гаммасы және әрине өңір елдерінен сенімді серіктестер.

— Орталық Азия елдерінің бірыңғай ақпараттық кеңістігі деген не? Әрине, егер құпия болмаса?

— Біздің жұмысымызда еш құпия жоқ және болмаған да. Біз ашықтық, теңдік, сенім және өзара құрмет қағидаттары негізінде өзіміздің орталықазиялық арна жобамызды құрып жатырмыз.

Серіктестеріміз де бізбен жұмыс істеуде, өйткені бұл бәріміздің елдеріміз үшін тиімді. Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені ұлттық және өңірлік мүддені тиімді ілгерілету үшін шетелде нақты қатысуы мен аудиториясы бар дайын медиа алаң ұсынады.

Біздің Lifestyle жанрындағы контентіміз туризм, бизнес, тарих, мәдениет пен дәстүрлерді ілгерілетуге және аймаққа инвестиция тартуға бағытталған. Осыған байланысты телеарна атауының Шығыс пен Батыс халықтары мен өркениеттерін Еуразия жүрегі — Орталық Азияда байланыстырған Ұлы сауда жолының терең тарихын білдіруінің символдық мәні бар.

Қазір Түрікменстан мен Тәжікстандағы әріптестеріміз бізбен белсенді ынтымақтасуда. Silk Way әлемдік эфиріне осы елдердің жетекші ұлттық хабар таратушылары дайындаған жаңалықтар шығады, Түрікменстан мен Тәжікстанды танытатын бағдарламалар эфирге дайындалуда.

Жақын арада жобаға Өзбекстан мен Қырғызстандағы әріптестеріміз қосылады деп үміттенеміз, содан кейін біз толыққанды Silk Way Central Asia деп атала аламыз.

генеральный директор ТРК Президента Раушан Кажибаева
Фото: Tengrinews.kz

— Бір Kazakh TV орнына екі жаңа арна, екі жаңа бренд құрдыңыздар. Бұл арнаның ішкі позициясына және жалпы нарыққа қалай әсер етті?

— Арна үшін бұл — тарихи өзгеріс. Jibek Joly отандық медиа кеңістігінде өз орнын тапты, нарықта ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан арналармен бәсекелеседі.

Менің ойымша, оның пайда болуы нарыққа тек оң ықпалын тигізді, өйткені біз өзіміздің түпнұсқа өнімдерімізге ерекше басымдық береміз.

Әрине, қазіргі уақытта телеарналардың рейтингіне шетелдік телехикаялар мен фильмдер үлкен үлес қосуда. Иә, бұл коммерциялық тұрғыда тиімді. Бірақ өзіміздің қазақстандық өндірісті дамытуға және заманауи ұлттық мәдениетті ілгерілетуге септігін тигізбейді. Біз бұл үрдісті өзгертуге ниеттіміз. Содан кейін бәсекелестік әр уақытта ынталандыра түспек, дамуға, жақсырақ және көп нәрсе жасауға, көрермен үшін күресуге итермелейді.

Биыл Jibek Joly эфирінен алғаш рет әлемнің басты спорт шарасы — XXXIII жазғы Олимпиада ойындары көрсетілді. Арна эфирі қазақстандықтарды спортшыларымыздың қатысуымен өтетін жарыс көрсетілімдерімен қуантты.

Телерадиокешеннің өз көрерменіне сыйлаған тағы бір спорт мерекесі — Jibek Joly және Silk Way арналарынан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын көрсетуі болды. Сондай-ақ, біздің команда ДКО ашылу және жабылу рәсімдерін түсіреді.

Біздің жас арнамыз нарыққа қосымша жарнамалық құрал әкелді, жарнама берушілердің назарын өзіне аудара алды. Бұл, сөзсіз, қазақстандық жарнама нарығына және ондағы үрдістерге оң әсер етеді.

— Телеарналарды дамыту бойынша алдағы жоспарыңыз қандай?

— Біз түрлі бағытты қамтитын Jibek Joly/Silk Way шатырлы брендін (umbrella brand) дамытып жатырмыз. Осы жоба аясында 2023 жылы қыркүйек айында Телерадиокешен Silk Way Cinema телеарнасын іске қосты.

Бұл халықаралық арна, қазақстандық кинематограф пен шетелдегі креативті индустрияның елшісі. Оның эфирі қазақстандық кино мен телехикаялардан тұрады.

Қазір арна 16 елде, негізінен таяу шетелде қолжетімді, қазақ және орыс тілдерінде хабар таратады және заманауи қазақстандық кино жетістіктерінің витринасы ретінде жұмыс істейді.

Қазір Қазақстанда әртүрлі медиакомпаниялар арасында фильм және сериялық өнімдердің үлкен топтамасы бар. Бірақ олар жүйеленбеген және өз әлеуетін толық іске асыра алмай отыр.

Біз әріптестерімізбен бірлесіп, Телерадиокешен платформасында мемлекет шығарған немесе оның тапсырысы бойынша әр жылдары шығарылған фильм мен сериалдардың көп бөлігін біріктірдік. Қазір бізде мыңдаған сағаттық контенттен тұратын топтама бар, ол ұзақ уақытқа Silk Way Cinema арнасының бірегей эфирін қамтамасыз етеді.

— Әрине, сіздердің құпия агент емес екеніңізді білемін, әйтсе де сұхбатымыз өте байсалды өтіп жатыр… 

— Иә, біз құпия агент емеспіз, есесіне олар туралы фильмдер түсіріп жатырмыз. 2023 жылы біздің Деректі кино орталығымыз Мемлекеттік күзет қызметінің — Президентті және мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларын күзететін адамдардың жұмысы туралы бірегей жоба түсірді.

Биыл «100 Sarbaz» арнайы жобасын әзірлеп жатырмыз. Бұл реалити-шоу болады, онда елдегі күш ведомстволарының ең үздік жауынгерлері күш, жылдамдық, ептілік, төзімділік және тапқырлықпен жарысады.

Телерадиокешеннің авторлық жобалары біздің телеарналардан тыс эфирлерге де шығады. Оларға өңірлік және республикалық телеарналар тарапынан жоғары қызығушылық бар, бұл әрине жобалардың өзектілігіне, бірегейлігіне және орындалу сапасына байланысты.

Сонымен қатар, биыл Телерадиокешен өзінің алғашқы үш сериалын түсірді — «111» Juz on bir», «Тамаша» және «Диван батырдың» жалпы ұзақтығы 66 серияға жетеді. Киноиндустрия дәстүрі бойынша біздің сериалдар қазақстандық қоғамның негізгі мүддесін, ал кей жерде қазіргі бет-бейнесін көрсетеді.

Биыл Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жауапкершілік пен жазаны қатаңдатуға бағытталған заңға қол қойды. Jibek Joly арнасының жаңа маусымына жоспарланған «111» Juz on bir» премьералық сериясы қазақстандық қоғам үшін осы өзекті мәселені көтереді.

Сериалдың бұлай аталуы да кездейсоқ емес, «111» — отбасы, әйелдер және бала құқықтарын қорғау мәселесі бойынша кешенді көмек көрсету қызметінің байланыс нөмірі.

— Kazinform агенттігінің 100 жылдан астам тарихы бар. Соңғы жылдары агенттікте қандай негізгі өзгерістер болды?

— Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі — ел игілігі және солай болып қала береді. Келесі жылы агенттік 105 жасқа толады. Бір ғасырдан астам тарихында агенттік көптеген сәттерді, шарықтау мен құлдырауды бастан өткерді. Кем дегенде, ҚазТАГ брендінен қалай айырылғанын еске алсақ, бұл өте өкінішті жағдай…

Дегенмен, ғасырдан астам уақыт бойы Kazinform жүз жылдық дәстүрлерге беріктігін сақтап, Қазақстан мен бүкіл әлем өміріндегі оқиғаларды ақпараттық жария етуде алдыңғы қатарда келеді.

Агенттік редакциясы күн сайын 5 тілде лентада және басқа да алаңдарда мыңнан астам конент шығарады. Бұған Орталық Азия, Кавказ, Таяу Шығыс, Еуропа және Солтүстік Америка сияқты әлемнің 12 еліндегі меншікті тілшілер желісі көмектеседі.

Қысқа мерзімде 30 жетекші әлемдік медиамен серіктестік желісін қалпына келтірдік, кадрларды күшейттік, жаңалықтар өндірісін ұлғайттық, ақпарат беру сапасын жақсарттық және сайт пен әлеуметтік желілердің ағылшын тіліндегі нұсқасына басымдық беріп, редакциялық саясатты түбегейлі өзгерттік.

Kazinform агенттігінің амбицияға толы, бірақ нақты орындалатын мақсаты бар — құрлықтағы жетекші ақпарат агенттіктерінің бірі болу.

— Соңғы бірнеше жылда жоспарланған істің бәрі орындалды ма?

— Жоқ, бәрі емес, өйткені біздің жоспарлау көкжиегіміз 3 жылдық кезеңмен шектелмейді.

Менің ойымша, стратегиялық деңгейдегі міндеттерден осы 3 жылға жоспарлағанның бәрін орындадық. Жалғыз жабылмаған гештальт — біздің атымыздағы әлі беки қоймаған «радио» сөзі.

Толыққанды ТелеРАДИОкешен бола аламыз, бірақ заңнамаға байланысты бұл жұмыс тез жүре қоймайды. Бұл міндетті Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп шешеміз. Операциялық деңгейге келсек, оның соңғы мерзімі жоқ шығар. Кемелдікте шек жоқ емес пе?

— Өткен жылы Президент ТРК MNU базасында өзінің халықаралық журналистика мектебін іске қосты, биыл Al Jazeera кәсіби тренерлер командасын алып келді. Сіздің ойыңызша, қазақстандық журналистердің жаңа буыны «ескі мектептен» несімен ерекшеленеді?

— Иә, 2023 жылы Телерадиокешен Maqsut Narikbayev University-мен бірлесіп, Орталық Азиядағы жалғыз халықаралық журналистика мектебін іске қосты. Бұл — жоспарлау мерзімі 3-5 жылмен шектелмейтін жобалардың бірі.

Біз қазақстандық БАҚ үшін қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін жұмыс істей алатын жоғары дәрежелі медиамамандар буынын тәрбиелеуге ниеттіміз. Бұл біздің саланы және креативті экономиканы алға жылжытатын журналистер ғана емес, медиамамандар болмақ.

Мектептің үздік 20 студенті Dara президенттік бастамалар қоры мен Телерадиокешен берген грант арқылы тегін оқиды.

Al Jazeera бойынша болашақ серіктестік туралы өзара түсіністікке қол жеткіздік. Астанада студенттер мен сала мамандары үшін өткен тренингтер — Al Jazeera және Al Jazeera Media Institute-пен өзара іс-қимыл бағдарламасының бір ғана тармағы, алда әлі де көптеген бірлескен жобалар бар.

Қазақстанда журналистиканың дамуына қатысты Телерадиокешен озық халықаралық тәжірибені пайдалана отырып, өзінің трансформация бағдарламасына шағын редакция негізінде конвергентті журналистика қағидаттарын енгізу жобасын қосты.

Біз классикалық журналистиканың үздік тұстарын және заманауи медианың озық тәжірибесін ала отырып, БАҚ журналистерін бір уақытта корреспондент, оператор, монтажшы және мобилограф бола алатын көпқырлы кәсібилерге айналдырамыз.

 — Раушан Жаңабергенқызы, қызықты сұхбатыңыз үшін көп рақмет!

Соңғы жаңалықтар