БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан босатылады
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 18 шілдеде мемлекет басшысы жаңа Салық кодексіне қол қойды. Ол БЖЗҚ-дан Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне төленетін зейнетақы төлемдерін қоспағанда, барлық табыс, тұрғын үйге/емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдері түріндегі кірістерді 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке табыс салығынан (ЖТС) босатуды көздейді.

Қазір қалай?
Қолданыстағы Салық кодексіне сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері төлем көзінен 10% мөлшерлеме бойынша жеке табыс салығы (ЖТС) ұсталатын кіріс түріне жатады. Зейнетақы жарналары жеке зейнетақы шоттарына салық салынғанға дейін аударылады. Ал жеке табыс салығы төлемдер жүзеге асырылған кезде ұсталады. ЖТС ұстау міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) есебінен қалыптасқан барлық зейнетақы төлемдері түрлері бойынша жиынтық түрде жүргізіледі. Бұл ретте түзетулер мен салықтық шегерімдер ескеріледі.
Тұрғын үйге/емделуге біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдаланған кезде ЖТС ұстау да көзделеді. Бұл ретте алушының таңдауына оны ұстап қалудың екі жолы ұсынылады: БЗТ алған кезде бірден немесе зейнетақы алатын кезге дейін кейінге қалдыру.
2026 жылғы 1 қаңтарға дейін БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы және біржолғы зейнетақы төлемдерінен ЖТС есептеу, ұстап қалу және төлеу қолданыстағы тәртіп бойынша жүзеге асырылатын болады.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап қалай болмақ?
ЖТС зейнетақы төлемдерінің барлық түрлерінен ұсталмайды. Бірақ мұның Қазақстан Республикасының резиденті болып есептелмейтін азаматтарға қатысы жоқ. ЖТС, сондай-ақ, біржолғы зейнетақы төлемдерінен де ұсталмайды.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсатында пайдаланылған біржолғы зейнетақы төлемдерінен ұсталуға тиіс, бірақ зейнетке шыққанға дейін кейінге қалдырылған жеке табыс салығы бойынша есептелген міндеттемелер де жойылады. Алайда, бұған дейін бюджетке төленген салық
Тағы не өзгереді?
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап өз пайдасына аударылған ерікті зейнетақы жарналары бойынша төлем көзінен салық салынуға жататын табыстан Салық кодексінде белгіленген шектерде қолданылатын салықтық шегерімдер де жойылады.
Бұл ретте жұмыс берушінің Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жұмысшының пайдасына аударған ерікті зейнетақы жарналары жеке тұлғаның табысы болып саналмайды (тиісінше, жеке табыс салығы салынбайды), ал жұмыс беруші үшін бұл шығыстар корпоративтік табыс салығын есептеу кезінде шегерімге жатқызылады. Бұл жағдайда салықтық жеңілдікті жұмысшы да, жұмыс беруші де пайдалана алады.
Айта кетелік Ұлттық банк Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерін тарту үшін екінші деңгейлі банктер қандай критерий бойынша іріктелгенін және қаржы қандай шарттармен берілгенін мәлім еткен еді.