Чемпиондар лигасы: «Барселона» ірі жеңіске жетті

 АСТАНА. KAZINFORM - Испаниялық «Барселона» (Испания) UEFA Чемпиондар лигасының ширек финалының алғашқы ойынында германиялық «Боруссия Дортмунд» командасын тас-талқан етіп жеңді.

Чемпиондар лигасы: «Барселона» ірі жеңіске жетті
Фото: championat.com

Алғашқы минуттан испаниялық команда сенімді ойын көрсетті. Қарсылас қақпасына жиі шабуылдап, гол соғатын мүмкіндікті іздеді. Ойынның 25-минутында Рафинья есеп ашса, Роберт Левандовски 48-минутта есепті үстемелей түсті.

Ал 66-минутта Роберт Левандовски тағы бір мәрте көзге түссе, 77-минутта Ламин Ямаль қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Барселона» қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсіп, жартылай финал жолдамасына жақын тұр. Сондай-ақ тағы бір кездесуде франциялық «Пари Сен-Жермен» Ангглияның «Астон Вилласын» 3:1 есебімен жеңді.

Айта кетсек, 8 сәуірде англиялық «Арсенал» Испанияның «Реал Мадридінен» 3:0 есебімен басым түссе, германиялық «Бавария» өз алаңында Италияның «Интеріне» 1:2 есебімен жол берді.

Енді қарымта ойындар 15 және 16 сәуір күндері өтеді.

Соңғы жаңалықтар