Чемпиондар лигасы: «Қайрат» бүгін «Селтикпен» алғашқы ойынын өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан UEFA Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде алматылық «Қайрат» пен шотландиялық «Селтик» кездесуі өтеді.

Бұл кездесу 20 тамыздан 21-не қараған түні сағат 00:00-де «Селтик Парк» стадионында басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Алматылық футболшылар аталған турнирдің алғашқы үш іріктеу кезеңінде Словенияның «Олимпия» (1:1, 2:0), Финляндияның КуПС клубтарын (0:2, 3:0), Словакияның «Слован» (1:0, 0:1, пенальтиден 4:3) командасын қапы қалдырып кетті.
«Селтик» еурододадағы алғашқы ойынын плей-офф кезеңінен бастайды.
Бұл ойында бас төреші міндеті норвегиялық Эспен Эскосқа жүктелген. Оған отандастары Ян-Эрик Энган мен Андерс-Олав Дале көмектеседі. Төртінші төреші норвегиялық Мариус Хансен-Гретта.
Шотландиялық клуб 1887 жылы құрылған. Содан бергі кезеңде өз елінде 55 мәрте чемпион атанып, 42 мәрте Шотландия кубогына ие болды. 1967 жылы Еуропа чемпиондар кубогын төбесіне көтерді.
Қазірге дейін «Селтик» командасының еурокубок ойындарында қазақстандық клубтармен үш мәрте жолы түйісті.
Алдымен 2013 жылы Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңінде қарағандылық «Шахтерді» (0:2, 3:0) орта жолда қалдырып, топтық кезеңге жолдама алды.
Ал елордалық «Астананы»2016 жылы Чемпиондар лигасы үшінші іріктеу кезеңінде (1:1, 2:1), 2017 жылы плей-офф кезеңінде (5:0, 3:4) есебімен қапы қалдырды.