Чемпиондар лигасы: «Қайратпен» кездесуге «Арсенал» сапында кімдер қатыса алмайды
АСТАНА. KAZINFORM — UEFA Чемпиондар лигасы негізгі кезеңі сегізінші турындағы «Арсенал» (Англия) — «Қайрат» (Қазақстан) кездесуінде лондондық клубтан кімдердің алаңға шыға алмайтыны белгілі болды.
Бұл жөнінде англиялық клубтың ресми сайтында бас бапкер Микель Артета баспасөз мәслихатында айтқан пікірі жарияланды.
Жарақатына байланысты қорғаушылар Уильям Салиба мен Юрриен Тимбердің алдағы кездесуге қатысудан тыс қалып отыр. Олардың орнын қосалқы құрамнан жас футболшылар басуы ықтимал.
Сондай-ақ ертең жанкүйерлер Микель Мерино мен Деклан Райстың ойынын тамашалай алмайды. Олар негізгі кезеңдегі жеті кездесуде үш мәрте сары қағаз алып үлгерген еді.
Кездесу 28 қаңтардан 29-на қараған түні сағат 1:00–де Англия астанасы Лондон қаласындағы «Эмирейтс» стадионында басталып, «Qazaqstan» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Бұл міндетті швейцариялық келген Урс Шнидер бастаған төрешілер бригадасы атқаратын болады. Оған отандастары Марко Цюрхер мен Беньямин Цюрхер көмектеседі. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Свен Вольфенсбергер.
Осыған дейін негізгі кезеңде «Қайрат» Португалияның «Спортингіне» 1:4, Испанияның «Реал Мадридіне» 0:5, Италияның «Интеріне» 1:2, Грекияның «Олимпиакосына» 0:1, Данияның «Копенгагеніне» 2:3, Бельгияның «Брюггесіне» 1:4 есебімен жол берсе, Кипрдің «Пафосымен» 0:0 есебімен тең түсті.
Ағылшындық команда жарыс барысында Испанияның «Атлетик Бильбао» (2:0), Грекияның «Олимпиакос» (2:0), Испанияның «Атлетико Мадрид» (4:0), Чехияның «Славия» (3:0), Германияның «Бавария» (3:1), Бельгияның «Брюгге» (3:0), Италияның «Интер» (3:1) клубтарынан басым түсті.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Арсеналдың» бас бапкері «Қайратты» тәжірибелі қарсылас деп бағалады.