Чемпиондар лигасы: Мбаппенің үш голы «Реал Мадридке» жеңіс сыйлады

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан УЕФА Чемпиондар лигасы ширек финалына шыққан барлық команда анықталды.

Мбаппе
Фото: Реал Мадрид ФК

Соңғы төрт жолдамаға «Реал Мадрид» (Испания), «Боруссия Дортмунд» (Германия), «Пари Сен-Жермен» (Франция), ПСВ (Нидерланд) ие болды.

Испаниялық «Реал Мадрид» плей-офф сатысында Англияның «Манчестер Сити» командасымен кездескен еді. Алғашқы ойында Карло Анчелотти шәкірттері ағылшындық ұжымды 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Кездесу барысында «Реал Мадрид» сапынан Килиан Мбаппе 4, 33. 61-минуттарда хет-триктің авторы атанып, жарыстың келесі сатысына берілетін жолдама тағдырын ертерек шешіп қойды. Оған «Манчестер Сити» құрамынан Нико Гонсалес 90-минутта бір голмен жауап қайырды.
Осылайша испаниялық клуб қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ Францияның «Пари Сен-Жермені» өз алаңында сол елдің «Брестін» 7:0 (бірінші ойын 3:0), нидерландтық ПСВ Италияның «Ювентусын» 3:1 (бірінші ойын 1:2) жеңсе, германиялық «Боруссия Дортмунд» Португалияның «Спортингімен» 0:0 есебімен (бірінші ойын 3:0) тең түсті.

Айта кетсек, плей-офф сатысының алғашқы ойын күнінде «Фейеноорд» (Нидерланд), «Бавария» (Германия), «Бенфика» (Португалия), «Брюгге» (Бельгия) командалары ширек финалға шықты.

Енді олардың қатарына негізгі кезеңде алғашқы сегіздікке болып, 1/8 финалға бірден жолдама алған «Ливерпуль» (Англия), «Барселона» (Испания), «Арсенал» (Англия), «Интер» (Италия), «Атлетико Мадрид» (Испания), «Байер» (Германия), «Лилль» (Франция), «Астон Вилла» (Англия) клубтары қосылады.

Соңғы жаңалықтар