COVID-19: Ақтөбеде 9 мыңға жуық адам оңалту орталықтарында ем қабылдады

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Коронавирус инфекциясына шалдығып, жазылған ақтөбеліктер оңалту орталықтарында ем қабылдап жатыр. Ниет білдірген 10 мыңнан астам адамның 9 мыңға жуығы оңалту орталықтарына барды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

COVID-19: Ақтөбеде 9 мыңға жуық адам оңалту орталықтарында ем қабылдады

Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырған 140 науқас әлі де аурухана ем қабылдап жатыр. Оның 17-сі жансақтау бөлімінде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, стационарлардағы жүктеме азайған. Бүгінде 25% құрап отыр. Сонымен бірге иммундау жұмысы қарқынды. Тұрғындардың 83 мыңнан астамы ревакцинацияға қатысып үлгерген. Ал 14 мыңға жуық адам Pfizer-ді қабылдады.

«Коронавирус инфекциясына шалдығып, жазылып шыққан адамдар үшін барлық ауданда күндізгі стационар бар. Сонымен бірге қалада «Дару», «Зәру» және «Юкон» сауықтыру орталықтарына жіберіледі. Ақтөбе медицина орталығы, бұрынғы теміржол ауруханасы мен аудандық ауруханаларда жатып емделетін орталықтар жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері 10 мыңнан астам адамды оңалтуға жіберу жоспарланса, қазір 9 мыңға жуығы ем қабылдап үлгерді. «Юкон» орталығына медциналық сақтандыруы бар және зейнеткерлер тегін бара алады. Қазір онда екі массаж кабинеті бар. Тұзды шахта да жұмыс істеп тұр. Онда күніне бір рет ем қабылдауға болады. Мұнда бір реттік курс бағасы 37 мың теңгені құрайды», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аманжолова.

Қазір облыс «жасыл» аймақта. Соған сәйкес облыстың бас санитар дәрігері жаңа қаулы әзірлеп жатыр. Онда «жасылмен» қатар «көк» мәртебесі бар адамдардың еш шектеусіз кез келген нысанға кіруіне мүмкіндік берілмек.

«Облыста 47 мониторинг тобы жұмыс істейді. Олар әкелген материал бойынша 1 млн теңгеге 22 әкімшілік айыппұл салынды. «Ашық» қосымшасын қолдану кезінде «қызыл» статуспен жүрген 161, «сары» мәртебесі бер 33 адам анықталды», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.