COVID-19: Мерекеде Ақтөбе облысының демалыс орындарына бақылау күшейтіледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин алдағы күндері мейрамханалар мен дәмханалардың жұмысын қатаң бақылауды тапсырды. Мобильді топ жұмысты күшейтеді. Бұл туралы өңір басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚазАқпарат тілшісі хабарлайды.

Өткен тәулікте өңірде бес адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бәрі де Ақтөбе қаласының тұрғыны. Вирус жұқтырғандар күн сайын тіркеліп отырғанмен, өңір әлі де «жасыл аймақта» орналасқан. Жалпы пандемия басталғалы өңірде 3634 адамнан COVID-19 анықталды. Олардың 96 пайызы жазылды. Қазіргі кезде 200-ден астам адам үй карантинінде жатыр.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауовтың айтуынша, дайындалған төсек-орынның 17 пайызында қазір науқастар ем қабылдап жатыр.

«Жағдай күн сайын сарапталып отыр. Негізі коронавирус инфекциясының сырттан әкелініп жатқаны байқалады. Көбі профилактикалық тексеру кезінде тіркелген. 6 қазаннан бері «Жайсаң», «Әлімбет» шекара бекеттері мен әуе қатынасы арқылы шетелден 46 мыңнан астам адам келсе, олардың 4500-інде ПТР-тестінің нәтижесі болмаған. Олар карантиндік стационарларға орналастырылды. Барлығы 40 адамнан коронавирус анықталды», - деді Нұржауған Қалауов.

Өңірде 47 бақылау тобы бар. Бүгінге дейін олар 9 мыңға жуық рейд өткізді. Барлығы 1806 заңбұзушық анықталып, 1235 әкімшілік материал қаралды. Санитарлық талапты сақтамағандарға 168,9 млн теңге айыппұл салынды.

Бұл ретте, Нұржауған Қалауов бақылау топтарының жұмысын сынға алды.

«1-22 желтоқсан аралығында 442 рейд жүргізілді. Небәрі 172 айыппұл салынған. Қалада заңбұзушылықтың көп екенін ескерсек, бұл төмен көрсеткіш. Мобильді топтар жаңажылдық мерекелерге байланысты өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені ұжымдық іс-шараларға арналған үлкен жарнама науқаны басталды. Кейбір көңіл көтеретін орындар бұрын салынған айыппұлдарына қарамастан өз жұмыстарын жалғастырып отыр. Соған байланысты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұмысын жандандыру керек. 16 қараша мен 8 желтоқсан аралығында карантин режимін бұзған 27 дерек анықталды. Көңіл көтеру орындардың жұмысын тоқтату туралы бұйрық жіберілді. Алайда бір де бір дәмхана немесе мейрамхана жабылған жоқ»,- деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Өңір басшысы Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының әкімдігіне мереке күндері 11 бақылау тобының жұмысын күшейтуді тапсырды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өкілдеріне карантин тәртібін бұзғандарды анықтау жұмыстарына қатысты ескерту берді.

«Кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіңіздер. Біз бизнесті қолдаймыз, бірақ олар кішкене шыдай тұруы керек. Жеке бас жауапкшілігін сезінуі тиіс. Егер барлық талапты бұзып, жұмыс істей беретін болса, кеселдің өршуіне жол береді. Осының алдын алу керек», - деп атап өтті облыс әкімі.

Өз кезегінде Ақтөбе облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі түсіндіру жұмысын бастады. 25 желтоқсаннан 2021 жылдың 5 қаңтарына дейін ойын-сауық, спорттық және басқа да көпшілік қатысатын іс-шараларды, оның ішінде жаңажылдық ертеңгіліктер мен мерекелік корпоративтерді өткізуге тыйым салынатынын ескертті.

«Жергілікті атқарушы органдар жанынан ұйымдастырылған мобильді топтар тарапынан кәсіпкерлік объектілерінде карантиндік шараларды сақтау бойынша мониторинг күшейтілетінін еске саламыз», - деп жазылған әкімдік хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар