Creative summer: Астананың демалыс кештерінде қандай шаралар өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Астана күнін мерекелеу аясында 1 маусым мен 31 тамыз аралығында әр сенбі-жексенбі сайын «Creative summer» жазғы жобасы өтеді. Онда апта сайын балаларға арналған ойын-сауық бағдарламалары, шығармашылық ұжым қойылымдары, флешмобтар ұйымдастырылады.
Жобаның мақсаты – біртұтас мәдени мұраны жаңғырту мақсатында барлық жастағы буындарды тарту, патриотизмнің біртұтас рухын қалыптастыру және ұлттық мәдениеттің маңыздылығын нығайту.
Қалалық алаң, Есіл өзені жағалауы, Жерұйық, Жетісу саябақтарында балалардың ойын-сауық бағдарламалары, флешмобтар және көше суретшілері, шахмат, әртістер мен аниматорлардың қойылымдары ұйымдастырылады.

«Creative summer» - түрлі-түсті және серпінді жазғы бағдарлама. Жобаға белсенді ұзақ өмір сүру орталығы, вокалдық үйірмелер, эстрадалық студиялар, заманауи би бағыттарының хореографиялық академиялары, түрлі шығармашылық студиялар, шығармашылық ЖОО студенттері, сондай-ақ шығармашылық демалыста жүрген еркін музыканттар тартылды», - деп хабарлады қалалық Мәдениет басқармасы.

Осылайша, сенбі күні 20 шілдеде Қалалық алаңда дәстүрлі жаз мерекесі – Сабантой өтті. Биылғы мереке астаналық «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының 30 жылдығына арналған. Орталық 30 жыл бойы елордада Сабантой мейрамын өткізіп келеді.
Сабантой мереке ретінде көптеген түркі халықтарының күнтізбесіне енген. Бүгінде ол көктемгі науканның аяқталуын ғана емес, халықтарымыздың мәдени байлығын, ана тілін сақтап калуға деген ұмтылысын, қонакжайлылықты білдіреді. Түрлі ұлт және дін өкілдерінің бірігуіне ықпал етеді.

Қалалық алаңға «Сабантой» мерекесіне айтарлықтай көп халық жиналды. Онда татар және башқұрт халықтарының әуендері шырқалды. Келушілерге қызмет көрсететін ұлттық тағамдар мен халық шеберлерінің сауда павильондары ашылды. Халықтық дәстүрлі ойындар мен спорттық жарыстарды өткізуге арналған аймақтар әзірленді.

Мерекеде «Сабантой аруы-2024» байқауы өтті, спорттық жарыстар мен татарша күрес көрсетілді. Алматы қаласынан келген «Идель» хореографиялық ансамблі, «Достық», «Ялкын» ұжымдары және Қазан қаласынан арнайы келген Марат Галимов пен Чулпан Ахметзянова өнер көрсетті. Келушілерге татар және башқұрт халқының қонақжайлылығының басты символы чак-чак таратылды. Сондай-ақ, бұл тағам халықтар арасындағы достықты, бірлікті, үйлесімділікті те білдіретіні ерекше аталып өтті.

Сонымен бірге, 20 шілдеде «Creative Summer» жобасы аясында «Өнер толқынында» вокалдық фестивалі өтті. Фестивальге Астана қаласы мен Ақмола облысы өнер орталықтарының талантты жас әншілері қатысты. Әсіресе, «Бонус», «Өнер», «Қасиетті», Марина Бейсехан орталықтарының көптеген шәкірттері өнер көрсетті.

21 шілде күні «Жерұйық» саябағында «Ерекше сәт» аниматорлар тобы ойындар, конкурстар, флешмобтар, эстрада жұлдыздары образындағы шоу көрсетіп, келушілерге көңілді отбасылық кеш өткізді. Одан кейін Қуыршақ театры «Алдар және оның достары» интерактивті қойылымын ұсынды. Жүргізуші Алдар көсе, Ақ бұқа, Ағайынды бауырсақтар, Айдаһар, Қораз көрермендермен бірге белсенді биледі және ойындар ойнады.

Сонымен бірге, келушілерге «Цирк Дю Салем» қойылымы көрсетілді. Онда да көрермендермен интерактивті ойындар, жонглерлік, фокус, акробатикалық реприз, би флешмобы, үйретілген иттер шоуы өткізілді және барлық келушілерге әлеуметтік би кеші ұйымдастырылды.
Айта кетейік, «Creative summer» жазғы жобасы 31 тамызға дейін жалғасады.
