CTS компаниясы LRT құрылысына қосымша қаражат тартуға қатысты түсінік берді
АСТАНА. KAZINFORM — City Transportation Systems компаниясы Астанадағы мүлкін аукционға шығару шешіміне қатысты түсінік берді. Бұл ретте, жер телімі мен жылжымайтын мүлікті саудаға шығару жоспарлы іс-шара екені атап өтілді.

— Аукционға шығарылған мүлік тізімі e-Qazyna.kz сайтында шығарылған. Бұл — жоспарлы іс-шара. Одан түскен қосымша қаражат LRT құрылысына бағытталады. Осы мүлік сатылмаса, қайтадан аукционға шығарылады. Атап айтқанда, мүлікті саудаға шығару — қалыпты дүние, — делінген компанияның Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Айта кетейік, бүгін e-Qazyna.kz сайтында елордадағы Есіл ауданында құрылысы аяқталмаған тұрғын үй кешені аукционға қойылды. Оның бастапқы бағасы 3,2 млрд теңге. Сонымен қатар, 9 қыркүйекте Нұра ауданындағы жер телімі де саудаға шығарылды, бастапқы құны — 338 млн теңге.
Бұған дейін елордада CTS компаниясы жылжымайтын мүлкін жалға беру бойынша ашық конкурс жариялағанын жазған едік.
Еске салсақ, биыл тамыз айында жалпы ұзындығы 22,4 шақырым болатын LRT негізгі желісінде рельстерді төсеу жұмыстары аяқталды.