Д.Кенжетай: Ислам - терроризмге қарсы дін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазір 5 маусымда Ақтөбеде болған террорлық актінің себебі мен салдары жан-жақты сарапталуда. Оның себептері анықталуда. «Ақтөбе» газеті де елімізге танымал теолог-ғалым Досай Кенжетаймен хабарласып, сұрақтар қойған еді.
None
None

- Терроризмнің діні, ұлты болмайды деген сөз жиі айтылады. Бірақ кешегі Ақтөбеде болған қанды оқиғаны ұйымдастырғандардың қасиетті дініміз -исламның атын жамылуы ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дінімізге көлеңкесін түсірген жоқ па?

- Рас, исламның мәні мен терроризм арасында ешқандай байланыс жоқ. Ислам - терроризмге қарсы дін. Оның орталығында адам бар. Адамдық ар бар. Ал терроризмде надандық пен адамға дұшпандық, зұлымдық бар. Бұл жерде дінді қолдану, оған кір жағу, үреймен адам санасына соғыс ашу бар. «Алла деген сөз жеңіл» болып тұрған уақыт. «Аллаһу акбар» деп ұрандатып, Алланың ұлықтығын дәріптегісі келеді. Бірақ бұл жерде ол өзінің надандығын ғана дәріптейді. Ең басты мұсылман құндылықтарынан адамдарды ажыратқысы келеді. Оразаның қуанышын аза тұтуға ауыстырып, елді исламнан бездіруге бағыттап отыр. Бұл исламға қызмет емес, керісінше жаһандық «исламофобияға» құрал болу ғана.

Діни фанатизм мен діни фундаментализм деген тіркестер өзара жақын. Бұлар ақиқат өлшемі ретінде алғашқы ислам дәуірін дәріптеген болып, бүгінгі мұсылмандарды өткен ғасырлардағы арман болған «тазалыққа» шақырғысы келеді. Өздерінің жолын «ақиқат» деп танытады. Бірақ өздері оны танымайды, білмейді, сезінбейді де. Мұндай мұсылманшылықтың исламға үш қайнаса да сорпасы қосылмақ емес. Бір адамның өмірін сақтап қалуды бүкіл адамзатты құтқарумен тең балаған ислам ұстанымы қайда? Бұлардың әрекеті қайда жатыр? Жер мен көктей айырмашылық бар. Сондықтан мұның исламмен қатысы жоқ. Ислам - біздің қазақ болмысының мәні.

- Ресми түрде террорлық актіні ұйымдастырғандардың дәстүрлі емес діни ағымның өкілдері екені айтылды. Бұл ағымдар кімдер сонда?

- Мүмкін, бәрі... уахабистер болар?.. Олар мына қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан мұсылмандығына шекесінен қарап, менсінбей, өздерін «таза ислам» өкілдері ретінде көрсетіп, ішкі агрессиясы мен наразылығын сыртқы формалары арқылы жариялап жүргендер. Бұларды мен «неосалафилер» деймін. Бұлар қазақтың мұсылмандық түсінігін ревизиялау арқылы жік тудыруды мақсат етеді. Қазақтың әдет-ғұрпы, салт-санасына уахабилік шаблонмен қарайды да, оларды бидғат, ширк, куфр деген қалыптар арқылы қайта трансформациялағысы келеді. Мазар, зиярат, өлілерге құрмет, рух ақиқаты, ас беру, сопылық таным, әулилерге құрмет деген сияқты бүгінге дейін құндылық болып келген діни танымдарымызды құнсыздандырғысы келеді. Бұл дегеніңіз - зардабы кешегі коммунистік идеология жүргізген ұлтсыздандыру саясатынан да асып түсетін қасірет. Бұл - зайырлылық ұстанымына қайшы әрекет. Олар қазақ мұсылмандық түсінігіндегі әулиелерге құрмет, молаларды қастерлеу, өлікке ескерткіш орнату, зікір жасау, тұмар тағуды - олардың исламға әкелген бидғаттары деп қарайды. Мұның ақыры қоғамды қайшылықтар мен келеңсіз жайларға апарып соғуда. Музыка, театр, өнер, туған күн тойлауды харам, күнә деп есептейді. Бұлар уахаби ағымындағылар үшін Аллаға серік қосу (ширк) және дінге жаңалық қосу (бидғат). Уахабилердің түсінігіндегі «кәпір» ұғымына қазіргі Қазақстан халқының 100 пайызы кіреді. Уахабилік ағымның ерекшелігі - сенім мәселесінде фанатизмге бой алдырса, өзінен басқа түсініктегі мұсылмандарға экстремистік өшпенділікпен жауап береді. Мысалы, егер бір адам Құдайдың құлы ретінде Алла заңына (шариғатқа) емес, конституцияға бағынса, ол адам Бір Құдайға сену формуласын бұзғаны үшін «көп Құдайға табынушы» (арабша - мүшрік, кәпірдің бір түрі) атанады. Уахабилік «ілімді» ұстанушылардың пікірінше, ажалды пенделер ойлап тапқан конституцияға бағыну арқылы ол адам конституцияны Құдай заңына теңгеріп, оны жазған адамдарды Құдайға санағанмен бірдей күнә жасайды. Олар Қазақстанда ел іші бүлік шығаруға негіз болатын идеологиялық кеңістік жасап жатыр.

Қазіргі күні Қазақ мемлекетінің мемлекеттік тұтастығына басты қауіп осы ағымдардың әрекетінен туындап отыр. Қазақ халқының ғасырлар бойына қалыптасқан діни-рухани көзқарасы мен мәдени мұралары осы ағымдар тарапынан аяусыз соққы көруде. Қазақ халқы өздерінің діни көзқарастарына қарай әртүрлі топқа жіктеле бастады. Уахаби неосалафи идеологияның елімізде көрініс табуы қазақ мұсылмандығының бұрынғы діни танымы мен тәжірибесінен, мәдениетінен жеріндірудің құралы ретінде пайдаланбақшы болған сырттан енгізілген күштердің саясаты екендігін ашып көрсету қажет. Уахабилік әлем мұсылмандарына қауіп төндіріп отырған басты діни-саяси, идеологиялық бағыт болып отырғанын, уахабилікті қабылдау кез келген халықтың дәстүрлі мәдениетінен ажырата алатын қуаты бар бүлдіргіш екенін түсіндіру және ол ағымның жаһандану үдерісінде трансұлттық корпорациялардың қолындағы діни идеологияға айналып отырғаны жастар санасына жеткізілуі тиіс.

Жалпы, салафилік немен ерекшеленеді дегенге келетін болсақ, бұл ағым буквалистік тенденциясымен ерекшеленеді. Яғни аят-хадистердің астарына, мән- мақсатына, себеп мұратына үңілмей, сол қалпы сөздік мағынасындағы түсініктен барып осындай ағым пайда болады. Себебі Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисіне, оны қай уақытта, қалай, кімге қандай жағдайда, қандай мақсатта айтылды, осының бәрі әбден зерттеліп барып қана амал етілетін діни норма, яғни үкім шығарылады.

Сонымен қатар уахабилер қазіргі таңда «мадхали, сурури, тәкфиршілер, жиһадшылар» деген секілді арнайы бөлшектеулерге бағытталған саясаттың да артында сыртқы күштердің ізі жатыр. Өкінішке қарай, салафилерді «радикал» немесе «қалыпты», «байсалды» деп бөліп, қалыптыларын қолдау қажет деген пікір қате әрі қауіпті. Неге десеңіз, олардың ақидалық, сенімдік, идеологиялық, методологиялық, танымдық базалары ортақ. Ал бұл өз кезегінде біздің ұлттығымызға, мемлекеттілігімізге қауіпті.

- Дені жастарымыздың осы ағымдарға жаппай бет бұруының басты себептерін атап өте аласыз ба?

- Егемен алған тұста дін құбылысына баса назар аудармадық. Кеңестік режимнен шыққан кезде «дінге тек гүл» деп қарадық. Оның тікені де болатындығына көңіл бөлмедік. Сол кезде арабша жазылған мәтіннің бәрі киелі, қасиетті деп бағаладық. Әйтеуір дінін білсін деген ниетпен, жастарымызды күмәнді діни оқуларға тоғыттық, оқыттық.

Екіншіден, осы жоғарыдағы себепке байланысты, саяси ислам оңай дендеп алды.

- Өткенді қайта әкеле алмаймыз. Енді қайтпек керек?

- Бар мәселе жат ағымның діни танымында болып отыр. Діни таным -  адамның Алла мен өзінің арасындағы байланысының орталық платформасы. Ол - сол адамды адам қылған тұтас болмыстың мәні. Адам іштей Алламен жеке байланыс құрғанымен, сырттай осы болмыстан әсте бөлек бола алмайды. Себебі дін құбылысы тек қана адамның ішкі сенімі, санасы, ішкі тәжірибесінен ғана тұрмайды. Ол алдымен сол адамның тіршілік кеңістігі мен уақытындағы әлеуметтік шарттармен рухани ортақ сезіну психологиясын қамтамасыз етіп барып, жеке құлшылығын жүзеге асырады. Яғни ол діндестерімен ортақ туыстық сезімі мен бақыт, ақиқат, сенім мен мақсат бірлігін сезінуі шарт. Осы сезім таным, сенім мен ортақ сана арқылы ең басты қорғанға айналады. Сондықтан біз кез келген мәдениеттің мазмұнында дін құбылысы бар деп айтамыз.

Енді осы болмыс салафилік діни таныммен қазақты жікке бөлді. Бір қазақ екінші бір қазаққа дос, туыс, діндес бауыр емес, керісінше өзара қарсы жақтағы бөтен тараптың өкілдері болып шықты. Екеуі де ақиқатты өздерінің жағында деп есептеді, солай танып, білді. Бұл құбылыс - ғасырлар бойы ортақ туыстық сезіммен қалыптасқан қазақ болмысын бөлшектеудің басты себебі деген сөз. Екі таным екі ұлттық бастауға айналары хақ. Оған негіз де жоқ емес. Кешегі кеңестік режимнің ұлтсыздандыру үдерісінен кейін қазақ орыс тілді және қазақ тілді болып жіктеле бастады. Соңғы ширек ғасырда орыс тілді қазақ пен қазақ тілді қазақтың жеке діни танымы қалыптасып үлгерді. Қазақ сөйтіп діни танымы мен тілі жағынан да қайшылыққа түсіп отыр. Бара-бара екі жақ агрессиялық, танымдық платформасы бар мінездегі, болмыстағы екі ұлтқа ажырайды. Бұл Қазақстан деген мемлекетті құрушы қазақ деген ұлттың болмыстық тұрғыдан екіге бөлінуіне апарып соғады да, мемлекеттіліктің баяндылығына ең басты қауіпті туғызады.

Сондықтан кеш те болса, мемлекеттің тұрақтылығы мен баяндылығы үшін екінші жат діни танымның, яғни салафизмнің тіршілігіне тосқауыл қою шарт.

Соңғы жаңалықтар