Дағдарысқа қарамастан әлеуметтік мемлекет болу — Қазақстан ерекшелігі

АСТАНА. KAZINFORM — Геосаяси күйреу, қарулы қақтығыстар мен экономикалық соғыстар, өрт, су тасқыны, жер сілкінісі және жан түршігерлік індеттер — әлем соңғы бірнеше жылда ерекше турбуленттілікке тап болды. Әр ел тұңғиықтан шығудың өз жолын табады. Kazinform сарапшысы Қазақстан сын-қатерлермен қалай күресіп жатқанына шолу жасады.

Дағдарысқа қарамастан әлеуметтік мемлекет болу – Қазақстан ерекшелігі
Коллаж: Kazinform

Дағдарыс — бұл мүмкіндік

Әлем баяғыдан бері жаһандық үлкен қалашыққа айналған. Ғаламшардың бір нүктесіндегі дағдарыстан оның келесі бөлігінде қылаң беруінен жалтару мүмкін емес. Саяси бедер соғыс пен қақтығыс салдарынан үнемі өзгеріп отырады. Жер қыртысының қозғалысына бейімделген өзен арнасы сияқты сауда бағыттары да үнемі бірде ана, бірде мына жылғаға ойысады. Жетекші державалардың арасындағы санкциялар мен сауда-саттық текетіресі сол өзендегі бөгет сынды экономикалық тізбекті бұзып тұр. Қоршаған ортаның азып-тозуы, індет, пен табиғи апаттар — уақыт оқтын-оқтын жаңа сын-қатерлерді туындата отырып жеделдей түскендей.

— 1980-1985 жылдары әлемде 1700-ге жуық табиғи апат болған. Ал 2010-2015 жылдары апаттардың саны 3700-ден асқан, яғни, аз уақыттың ішінде табиғи апат саны екі есе көбейді. Жартысына жуығы — суға қатысты апаттар. Әрине, бұл — бүкіл адамзатқа төніп тұрған өте үлкен қатер. Сондықтан мұндай апаттардың алдын алып, азаматтардың амандығын қамтамасыз ету — аса маңызды міндет, — деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында.

лесные пожары
Фото: Анадолы

Соңғы жылдары шындығында бұл рекордтан асып түсіп, дағдарыста өмір сүруді қалыпты өмірге айналдырған сияқтымыз. Сондықтан болар «жаңа бірқалыптылық термині» пайда болды. 
Бұл жағдайда әр елдің өз қимыл-әрекеті мен ұстанған бағыт-бағдары бар. Біреуі суға батып кетпес үшін қайықтан суын шелектеп ағызып, толқынға тәуелділік танытса, енді бірі жер бетінде ізі де жоқ тыныш айлақты іздеп әлек. Қазақстан бұл жағдайда — кемесін қымтап бекітуде. Еліміз дағдарысты мүмкіндікке айналдырып, өз бейімділігін таныта білді. Және ең бастысы адамға бағытталғанын көрсетті. Қазақстан — өз азаматын еш уақытта қиындықпен бетпе-бет қалдырмайтын әлеуметтік мемлекет.

Індет

Жүйткіген уақыт жағдайында келешегіміз бұлыңғыр көрінеді. Кешегі күніміз жадымыздан шығып, өткеннің қадіріне жете бермейміз. Бұл да ауа тәріздес. Қаланың көк түтінін жұта келіп, ауылдың таза ауасын аңсап, айырмасын аңғарамыз. Әлеуметтік саясат та осындай. Әлемде әлеуметтік мемлекеттер саны көп болмаса да, көптеген игілік тегін дүние сипатында қабылданады.
Алысқа бармай-ақ 2019 жылды қаперге алуға болады. Сол уақыт COVID-19 жаңа індетінің пайда болуымен және адамзаттың қазіргі тарихындағы ең қауіпті індеттің басталуымен есте қалады. Індетті ауыздықтауға тырысқан барлық әрекетке қарамастан, бүкіл әлем 2020 жылы тірі қалуы үшін жан алысып, жан берісіп күресті. Апокалипсис туралы фильмдегідей бос көшелер, тоқтаған өндіріс, жабылған шекара, мұның бәрі жаһандық экономика жағдайында соңғы бірнеше онжылдықтағы ең қауіпті экономикалық дағдарысты тудырды.

Пандемия
Фото: Гүлмира Абдраҳманова

Көрнекілік үшін тек бірнеше ғана деректі назарларыңызға ұсынайық: 2020 жылы әлемдік сауда 8,5%-ға, инвестиция 40%-дан астамға қысқарды. Дүниежүзілік банк бағалауынша әлемдік ЖІӨ шамамен 4,3%-ға төмендеді.

Қазақстан да қиындықтарға тап болды. Егер 1998 жылы орын алған ең күрделі Азиялық дағдарыс аясында еліміздің экономикасы 1,9%-ға қысқарса, ал 2020 жылғы індет кезінде ол 2,6%-ға дейін құлдырады. Қызмет көрсету 5,6%-ға дейін төмендеді.

Дәл осындай жайт бүкіл әлемде байқалды, мұны жаһандық экономикалық нокдаун десе де болады.

Көптеген азаматқа үйден шықпай-ақ алыстан жұмыс істеуге, тауарлар тапсырыс беруге мүмкіндік жасаған цифрландырудың жоғары деңгейі болмағанда, біз не істей алар едік? Бүгінде Қазақстанның онлайн-қызмет индексі бойынша үздік ондыққа кіретіні таңқаларлық жайт емес. Оқшаулауға ұшыраған халыққа тікелей қаржылық қолдау көрсетуге мемлекет қоры жеткілікті дәрежеде болмағанда, не істейтін едік? Мемлекеттен 4,5 миллионға жуық азамат қаржылық көмек алды, ал 1 миллионнан астам адам азық-түлік құралдарымен қамтамасыз етіліп отырды. Екі миллионға жуық азаматқа несиелерін кейінге қалдыру туралы шешім шықпағанда банк қарыз алушылары қайтер еді?

Бұл кезеңде коммуналдық төлемге арналған тарифтер төмендетілді. Аса мұқтаж жандарға қосымша көмек көрсетілді.

вирус
Фото: azertag.az

Мемлекет 700 мыңға жуық компаниялар мен кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайтып, бұл олардың 1 триллион теңгеге дейін үнемдеуіне мүмкіндік берді.

Әлемдік індеттің салдары мен экономикалық дағдарысты жою мақсатында бюджеттен 5,9 триллион теңге қаржы бөлінді.

Және ең бастысы — елде 30 тәулік төтенше жағдайдың жариялануы коронавирустың бірінші толқынының алдын алып, денсаулық сақтау жүйесіне уақыт беріп, мыңдаған өмірді аман алып қалуға жағдай жасады.

Соғыстар мен санкциялар

Ғаламшар ауқымындағы тағы бір бифуркация нүктесі 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыстың тұтануымен басталды. Онсыз да шатқаяқтап тұрған халықаралық экожүйедегі теңдік мұнан да зор күйзеліске ұшыраса, ал әлемдік тәртіптің іргетасы қарқынды бұзыла бастады.

электр қуаты
Фото: Kazinform

— Текетірестер жасанды кедергілер мен экономикалық оқшаулануға әкеледі. Экономикалық және саяси санкциялар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тізбегін жойып, миллиондаған адамдарға, әсіресе қоғамның осал топтарына қауіп төндіретін «жаңа нормаға» айналды. Бұл қиыншылықтар өсіп келе жатқан инфляцияға, жұмыс орындарын жоғалтуға және дамушы елдердің әлемдік экономиканың құлдырауынан үрейленуіне қатысты қазіргі сын-қатерлерді тек күшейте түседі. Бұл күйзелістер, түптеп келгенде, климаттың өзгеруіне қарсы күресу және орнықты дамуды қолдау жөніндегі біз бәріміз келіскен жедел шаралардың жүзеге асырылуына айтарлықтай кедергі келтіреді, — деп атап өткен еді Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың 20 қыркүйегінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 77-сессиясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінде.

Ресей де, Украина да еліміздің маңызды сауда серіктестері болғаннан кейін де бұл жағдай Қазақстанға оңайға соқпады.

Орын алған қарама-қайшылықта еліміз Батыс пен Ресей арасында тепе-теңдік сақтай отырып, біркелкі экономикалық қарым-қатынас орнату арқылы көпшілікке ұғынықты ұстанымды байқатты. Айта кетерлігі, Қазақстан мен Ресей арасындағы әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасын есепке алмау мүмкін емес болса, қысқа мерзімде қалыптасқан тарихи және экономикалық байланыстарды қайта құрудың да мүмкін емес екенін АҚШ та, Еуропалық одақ та жақсы түсінді.
Әрине, әскери текетірес қандай жағдайда да зардабын тигізері анық. Әдеттегі сауда жолдарының үзілуі көптеген өзге де шектеулерді туындатты. Алғашында ауыр шығындар орын алды. 2022 жылғы сәуірдің соңында БАҚ Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасай отырып, Ресейге қарсы санкциялардың салдарынан Қазақстан Республикасының экономикасы 270 млрд теңгеден астам шығынға батқанын жазды. 2025 жылдың ақпанында украиналық ұшқышсыз ұшақтың соққысы салдарынан халықаралық нарыққа Қазақстан мұнайының негізгі үлесін ұдайы жеткізіп отыратын Каспий құбыр консорциумының мұнай тасымалдау нысанына зақым келді.
Екінші жағынан Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік дәліз сипатында Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері пайда болды. Көлік бағыттарын әртараптандыру бұған ерекше ықпал еткен болатын. Ресейге қарсы санкциялар енгізілгеннен кейін Транскаспий көлік бағыты бойынша жүк ағыны айтарлықтай көбейді.

Транскаспийский маршрут
Фото: Victor Fedyunin / Kazinform

2024 жылы ондағы тасымал көрсеткіші рекордтық дәрежеге жетті. Тасымалдаудың жалпы көлемі 3,3 млн тоннаны құрады, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 20%-ға артық болатын. Қытайдан келетін контейнерлік пойыздар саны 35 есеге артты.

Тасымалдау бағыты ірі каналға айналуы үшін еуропалық серіктестер «Орталық дәлізді» дамыту мақсатында «Жаһандық қақпа» (Global Gateway) бағдарламасы бойынша қомақты қаражат бөлді. Бұл жерде әңгіме 10 миллиард еуро турасында.

Екінші маңызды жайт — санкция салдары мен солтүстік көршімен сауда байланысының нығаюы ресейлік бизнестің Қазақстанға көшуіне де ықпал етті. Бүгінгі таңда елімізде ресейлік 24 мыңға жуық компания жұмыс істейді, бұл — шетелдік кәсіпорындардың жалпы санының жартысына жуығы.

Және, үшіншісі — дағдарыстың осы түрлеріне жауап ретінде Қазақстан экономикасын ұдайы әртараптандырып отырады. Тек 2025 жылдың өзінде нақты секторға 8 триллион теңге көлемінде инвестиция құйылса, ал 2027 жылға қарай бұл 10 триллион теңгені құрайды деп болжануда.

Өрт пен су тасқыны

2019 жылы әлем бірқатар табиғи апатқа тап болды. Ғаламшар қайта оянғандай. Аустралиядағы 2019-2020 жылдардағы орман өрті 20-дан астам адамның өмірін қиып, 2 000-нан астам үйді қиратты. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) өрт салдарынан үш миллиардтан астам жануарлардың өлгенін немесе табиғи ортасын тастап кеткенін хабарлады.

Сол жылы «Хагибис» дауылы Жапонияны дүрбелең қылды. Жүзге жуық адам қаза тауып, 93 мыңнан астам нысан бүлінді немесе қирады.

2021 жылы Еуропа соңғы жүз жылдағы ең жойқын су тасқынынан зардап шекті. Салдарынан 250-ге жуық адам қаза тапты: Германияда — 196, Бельгияда — 43, Италия мен Аустрияда — 1 адам, Румынияда — 2 адам, ондаған адам із-түзсіз жоғалды.

Дәл осы кезеңде АҚШ-та «Ида» дауылы аласапыран қылды. Табиғат апатынан кемінде 115 адам зардап шекті.

2023 жылы Түркиядағы жер сілкінісі он мыңдаған адамның өмірін қиып, инфрақұрылымға айтарлықтай зиян тигізді. Сол уақытта Қазақстан түрік бауырларына бірден көмек қолын созып, құтқарушылар мен дәрігерлерді жіберіп, гуманитарлық және қаржылық қолдау көрсетті.

Түркиядағы жер сілкінісі
Фото: Kazinform

Қазақстан да сол жылдары жойқын табиғи апаттар мен басқа да төтенше жағдайларға бірнеше рет тап болды. 2020 жылы Өзбекстандағы Сардоба су қоймасында бөгеттің бұзылуы салдарынан Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы 5 ауылды су басты. Мемлекет мыңнан астам үйді қалпына келтіріп, жаңа салынған шағын ауданға 400 отбасы көшіп келді. Сондай-ақ, Үкімет зардап шеккендерге көмек көрсету үшін 552 миллион теңге бөлді. Қазақстандық жеке қорлардан зардап шеккендерге үй салуға 6 миллион доллар жұмсалды. Өзбекстанның жеке қорынан эвакуацияланған тұрғындар үшін 5,2 млн доллар жұмсалды Су басқан 5 700 гектарға жуық егіс алқаптарының иелеріне өтемақы берілді.

2022 жылы Қостанай облысының Әулиекөл ауданында ірі өрт тұтанды — 32,4 мың гектар орман өртенді. Өрттен зардап шеккендерге жаңа үйлер салынды. Оған Үкімет резервінен 2,3 млрд теңге бөлінді.

Немесе 2024 жылғы су тасқынын алайық. Соңғы 80 жылдағы ең алапат су тасқыны елге орасан зор шығын әкелді. Көптеген адам баспанасыз қалып, дүние-мүлкінен айырылды. Мемлекет халықты қолдаусыз қалдырған жоқ.

Особенность Казахстана – быть социальным государством вопреки кризисам
Коллаж: Kazinform

Біржолғы әлеуметтік көмек 100 АЕК көлемінде 36 455 отбасына жалпы сомасы 13,3 млрд, 21 876 отбасына 150 АЕК көлемінде 9,9 млрд теңге төленді. Зардап шеккендерді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 5 767 жылжымайтын мүлік сатып алынып, 9 156 үйде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа 54,7 млрд теңге бөлінді. Сондай-ақ, қысқа мерзім ішінде 64 млрд теңгеге 2 680 жеке тұрғын үй салынды. Бұл табиғи апат салдарын жоюмен байланысты шығынның ұзын-сорасы емес.

— Түрлі себепке байланысты өзіне ауқымды әлеуметтік міндеттеме алмайтын елдер аз емес. Ал Қазақстанның бюджет қаржысының жартысынан көбі әлеуметтік саланың еншісінде. Біздің еліміз — әлеуметтік мемлекет, — деген еді Мемлекет басшысы таяуда Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың 4-отырысында.

Қазақстан әлеуметтiк мемлекет ретiнде азаматтарды туылғаннан сәтінен бастап өмiр бойы мемлекеттiк қолдауды қамтамасыз етедi. Ең маңызды бастамалардың қатарында «Ұлттық қор — балаларға!», «Келешек» бағдарламалары, мектепте тегін білім беру, колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алу үшін берілетін көптеген гранттар туралы айтуға болады. Ал тәжірибе көрсеткендей, адам капиталына салынған инвестиция, ең тиімді инвестиция саналады.

Соңғы жаңалықтар