ДАИШ-ты насихаттаған ақтөбеліктердің аты-жөні белгілі болды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - ДАИШ (Қазақстан және өзге де бірқатар елдер аумағында тыйым салынған) террористік ұйымын насихаттаған ақтөбелік 4 азаматтың аты-жөні белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбе облысының 4 тұрғыны терроризмді насихаттады деген күдікпен ұсталғанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.
Тінту кезінде олардан аңшы мылтығы, оқ-дәрілер, газды және травматикалық тапаншалар, деструктивті діни мазмұндағы кітаптар табылды.
Бүгін сот Ұлттық қауіпсіздік комитеті Ақтөбе облыстық департаментінің Е.Сарқұловты, А.Мырзакәрімовті, А.Дәулетияров пен А. Сауанаевты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру органымен Е.Сарқұлов, А.Мырзакәрімов, А.Дәулетияров, А. Сауанаев Қылмыстық кодекстің «Терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру» бабының «Адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып не қоғамдық бiрлестiк лидері жасаған, не бұқаралық ақпарат құралдары немесе телекоммуникациялар желілері пайдаланыла отырып жасалған не адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, оның ішінде шетелдік көздерден алынған қаражат пайдаланыла отырып жасалған дәл сол іс-әрекеттер» тармағы бойынша күдікке ілікті. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті төрт күдіктіні 2 ай қамауда ұстау туралы өтінішхат жіберді. Сот күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады», - деді Ақтөбе облыстық сотының баспасөз хатшысы Анар Айтжанова.