Далада ұзақ жүрмеңіз: Өскемендіктерге қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде не істеу қажеттігі түсіндірілді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – Өскемен қаласында 23 қарашадан бері қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасып, ауа сапасы нашарлап кетті. Осыған байланысты халыққа қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.

Өскеменде қолайсыз метеорологиялық жағдайға байланысты оқушылар онлайн оқиды
Фото: Әлеуметтік желіден

ШҚО санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметіне сүйенсек, күн суытқанда қолайсыз метеорологиялық жағдайдың болуы сирек құбылыс емес. Бұл кезде автокөліктер мен кәсіпорындар шығаратын ластаушы заттардың ауаға таралуы жиілейді. 

«Бүгінде кез келген өнеркәсіптік қалалардың тұрғындары ластанған ауадан толық көлемде қорғана алмайды. Қолайсыз метеорологиялық жағдай (ҚМЖ) қалыптасқан кезде атмосфераның жер бетіндегі қабатында ластаушы заттар жинақталады, бұл ауа сапасына және адамдардың денсаулығына теріс әсер етеді», - дейді департамент басшысының орынбасары Ғалымбек Алин. 

Осындай кезде алдын алу шараларын қолдану - ластаушы заттардың адам ағзасына әсерін азайтады. Ол үшін келесі кеңестерді қаперде ұстауыңыз қажет: 

- Далада ұзақ жүрмеу;
- Пәтердегі терезелер мен желдеткіштерді жабу;
- Қайнатылған, тазартылған немесе газсыз минералды су мен шәй ішу;
- Ас содасының ерітіндісімен тамақты жиі шаю;
- Тамақтану рационына құрамында пектині бар азық-түліктерді, мысалы: пісірілген қызылша, қызылшаның шырыны, алма, жеміс киселі, итмұрыннан, рауағаштан жасалған дәруменді сусындарды, шөптердің қайнатпасын, табиғи шырындарды қосу;
- Балалардың тамақтану рационында сүт және сүт өнімдерін, ірімшік, ет тұтынуды көбейту;
- Уытты заттарды шығару және ағзаны тазарту үшін таган-сорбент, индигель, тагангель, белсендірілген көмірді қолдану;
- Балаларды балабақшаларда серуенге шығармауға, мектептерде далада дене шынықтыру сабақтарын өткізбеуге кеңес беріледі.

Еске салсақ, осыған дейін Өскемендегі Назарбаев даңғылында орналасқан Достық үйі мен Гагарин бульвары көшесінің маңындағы тұрғын үйлердің халқы ауа сапасының нашарлап кеткеніне шағымданған

Экологтар тексеру жүргізген соң хлорсутегінің шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кетуі тіркелген

Бүгін тағы да өскемендіктердің ауа сапасына шағымданғаны хабарланды

Ертең қала мектептерінде оқушылар онлайн форматқа ауыстырылды.

Соңғы жаңалықтар