Дамыған 30 елдің қатарына ену үшін Қазақстанда барлық мүмкіндік бар - Мәжіліс депутаты Ә. Рақымжанов
Мәжіліс депутаты сапары барысында Қарабұтақ ауылына ат басын бұрып, Әйтеке би атындағы музейде болды. Одан кейін «Балбұлақ» балабақшасына барып, мектепке дейінгі ұйымның тыныс-тіршілігінен хабардар болды. Мекеменің ғимараты былтыр пайдалануға берілген. Қазір 41 бала тәрбиеленуде. Мәжіліс депутаты талапқа сай қызмет жасап тұрған балабақшаның жұмысын оң бағалады. Ол сондай-ақ Қарабұтақ және Еңбекту ауылын ауыз сумен қамтамасыз етіп тұрған «Қарабұтақ-Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жұмысымен танысты.
Сонымен қатар, «Ырғыз-Торғай мемлекеттік резерваты» мемлекеттік мекемесінде қызметкерлерімен кездесті. 2007 жылы құрылған мекеменің негізгі міндеті - Бетпақдала таралымындағы киіктерді қорғау, сақтау және көбейту және дүниежүзілік маңызы бар Рамсар Конвенциясы тізіміне енгізілген сулы-батпақты өлкені қорғау болып табылады. Айта кетерлігі, мекеме ашылғалы ақбөкендер саны баяу, бірақ тұрақты өсіп келеді. ҚР Зооинститут мәліметтері бойынша Бетпақдала таралымындағы киіктердің саны 2007 жылы 22,8 мың болса, 2014 жылы 216 мыңға жеткен.
Бұдан бөлек, ҚР Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Әмірхан Рахымжановтың Ақтөбе облысындағы іссапары Хромтау ауданында жалғасты. Депутат алдымен шаһардағы жол жағдайымен танысты. Содан соң қаладағы сүт өнімдерін дайындайтын «Агрофирма «Тау» ЖШС-не болды. Бұл нысанда тәулігіне 20 тонна сүт өнімдері дайындалады. Енді айран мен сүттен өзге сүзбе, ірімшік, май сияқты сүт өнімдерін өндіру жоспарлануда. Серіктестік қазір 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мәжіліс депутаты Ә. Рахымжанов сондай-ақ, жұмысын енді бастаған шұжық өнімдерін дайындайтын жаңа цехта да болды.
«Тұтастай алғанда, біз аймақтың аудандары мен ауылдарын аралап, мемлекеттің барлық әлеуметтік бағдарламаларының ойдағыдай жүзеге асырылып жатқанына куә болудамыз. Алдымызда Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыру тұр. Дамыған 30 елдің қатарына ену үшін бізде барлық мүмкіндік бар», - деді Мәжіліс депутаты тұрғындармен кездесу барысында.