Дания бес күнге азаматтық дрондардың ұшуына тыйым салды
АСТАНА. KAZINFORM – Копенгагенде өтетін Еуропалық одақ саммитінің қарсаңында Дания билігі ел аумағында азаматтық ұшқышсыз ұшу аппараттарының (дрондар) ұшуына уақытша тыйым салды, деп хабарлайды DW.

Елдің Көлік министрлігі 28 қыркүйекте мәлімдегендей, қауіпсіздік шарасы 29 қыркүйектен бастап 3 қазанға дейін қолданылады. Бұл шешім соңғы күндері елдегі бірнеше әуежай маңында дрондардың жиі байқалуына байланысты қабылданды.
Дания көлік министрі Томас Даниэльсеннің айтуынша, дрондардың қоғамдық тұрақтылыққа қауіп төндіріп, белгісіздік туғызуына жол бермеу қажет.
«ЕО саммитін өткізу кезінде қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылуы тиіс», – деді ол.
22 қыркүйек күні кешке Копенгаген әуежайында дрондар салдарынан әуе қатынасы бірнеше сағатқа тоқтатылды. Кейін олар Ольборг, Эсбьерг және Сённерборг әуежайларының маңында, сондай-ақ Каруп пен Скридструп әскри базалары үстінде байқалған.
Қорғаныс министрлігінің дерегінше, соңғы рет 28 қыркүйек күні түнде бірнеше әскери нысан жанынан дрондар көрінген.
Дания премьер-министрі Метте Фредериксен бұл жағдайды «гибридті шабуылдар» деп атады.
Сарапшылар мен бұқаралық ақпарат құралдары Ресейдің ықтимал қатысы барын жоққа шығармайды. Алайда Мәскеу бұл айыптауларды теріске шығарды.
1 қазан күні Копенгагенде бейресми ЕО саммиті өтеді, ал келесі күні Еуропалық саяси қауымдастық саммиті ұйымдастырылады. Оған Германия канцлері Фридрих Мерц те қатысады. Қауіпсіздікті күшейту мақсатында Германия Дания өтініші бойынша Копенгагенге әскери күш жібермек.
Айта кетейік, бұған дейін Данияда әскери нысандардың үстінен дрондар байқалды.