Дәрі-дәрмек бағасының өзгеруіне не себеп

АСТАНА. KAZINFORM – Еліміздегі фармацевтикалық индустрияның 82%-ы импортқа тәуелді. Бұл дәрі-дәрмек бағасына қаншалықты әсер етеді? Kazinform тілшісі дәрілік препараттар бағасының өсуіне не себеп болатынын анықтап көрді.

дәріхана
Фото: freepik.com

Тұрғындар дәріні үнемдеп ішуге көшкен

Астаналық Жанат Шұбаева 35 жылдан бері системалық қызыл жегі ауруымен ауырады. 4 жыл бұрын миына қан құйылған. Оған қоса, ІІІ топтағы мүгедек. Жанат ханым күніне 3 мезгіл тамақтан бөлек тағы 8 мезгіл дәрі ішеді. Ол аз десеңіз, химиялық өнімдермен ластанған ағзасын тазарту үшін әртүрлі компаниялардың витаминдері мен биологиялық белсенді қоспаларын қоса тұтынады. Таң сәріден қарапайым адамдар секілді ауызын кофе не шаймен емес, дәрімен ашады. Ары қарай сағат-сағатқа бөліп препараттарды қабылдау — оның күн тәртібіндегі ең басты тірлік.

— Мен дәріге таңылған адаммын. Мүгедек болған соң үкімет кей дәрілерді тегін береді. Одан бөлек өзім тағы сатып алып ішемін. Себебі қайтадан инсульт алып, төсекке таңылғым келмейді, — дейді ол.

Ақшаны немесе уақытты үнемдеу керек дегенді жиі естиміз. Қазіргі науқастар дәрігер мөлшерін белгілеп берген дәріні де үнемдеп ішуге мәжбүр. Жанат Шұбаева өзі ай сайын сатып алатын кей препараттар былтырғы бағасымен салыстырғанда 2 есе қымбаттағанын айтады. «Малым — жанымның садақасы», бірақ қалтама қарай мүмкіндік болса, арзанын алуға тырысамын дейді ол.

— Мен еш жерде жұмыс істемеймін. Маған емханадан тегін дәрі берілсе де, үкіметтің төлейтін 46 мың теңгесі тек қана дәріме жұмсалады. Бірақ былтырғы жыл мен биылды салыстырсақ, кейбір дәрілердің бағасы 2 еселеніп кеткен. Мысалы, «Кетотоп», «Найз» деген дәрілерді былтыр 600–700 теңгеге алатын едім. Сол дәрілер биыл 1200–1300 теңгеге қымбаттап кеткен. Астанада оң жағалау мен сол жағалаудың бағаларында да айырмашылық бар. Мен өзім тұратын мекенжайдан оң жағалаудағы дәріханаға арзан дәрі алу үшін арнайы барамын, — дейді Жанат Шұбаева.

Шағын және орта кәсіпкерлік те тығырыққа тірелді

Бағаға байланысты шағын және орта кәсіпкерлік те едәуір зиян шеккенге ұқсайды. «Дәрі алушылардың азайғанын былай қойғанда, дәрі бағасын мемлекет бекіткен шекті деңгейден асыра алмайтынымыз тағы бар» дейді олар.

— Осыдан 1 ай бұрын «Креон» 9 мың теңгенің көлемінде болса, қазір оның 50 таблеткадан тұратын 25 мыңдық дозасы 11 мың теңгенің көлемінде. Асқазан-ішек жолдарының препараттары мен тұмауға, суық тиюге қарсы дәрілер жиі өтеді, — дейді біз сөзге тартқан дәріханашының бірі.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметінше, соңғы 2–3 жылда 3,5 есеге қымбаттаған дәрілер бар.

— 2024 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметіне сәйкес, реттелмеген 302 дәрілік заттың 94-і дәріханаларда бұрын бекітілген шекті бағадан орта есеппен 6%-ға жоғары бағамен сатылған (84 дәрі 10%-ға өсті, 10 дәрі 36%-ға өсті), 208 дәрі орта есеппен 11,5%-ға арзан сатылды (74 дәрі 500 теңгеге дейін, 53 дәрі 500 теңгеден 1000 теңгеге дейін, 124 дәрі 1000 теңгеден 3000 теңгеге дейін). 2023 жылдың екінші жартыжылдығына 6 890 дәрілік заттың 5 706-сы (немесе 88,5%-ы) бұрынғы бағамен қалды. Бұрын бекітілмеген 445 дәрі-дәрмекке, 71 дәріге баға орта есеппен 18,5%-ға, 668 дәріге (немесе 10,4%-ға) шекті бағалар орташа алғанда 338%-ға өсті, — дейді агенттік тілшісінің ресми сауалына берген жауабында.

Ал денсаулық сақтау министрлігінің мамандары бұл мәселені геосаяси себептермен байланыстырды. Бұрын Ресей арқылы алдыратын өнімдер қазір Түркия, Әзірбайжан және өзге мемлекеттерден жеткізіліп жатқанын айтады.

— Соңғы жылда дәрі бағасы шамамен 10-15 пайызға қымбаттағанын жасыра алмаймыз. Оған логистика, тасымалдау жолдары және геосаясат көп әсер етеді. Дегенмен елімізде денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен дәрілік заттарға шекті баға қойылған. Бекітілген бағадан асырып сатуға болмайды, — дейді агенттік тілшісіне сұхбат берген Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің маманы Әлия Молдиманова.

Министрлік шекті сомасын бекіткен дәрінің ең қымбаты 700 мың теңге тұрады.

— «Халық денсаулығы және денсаулық жүйесі» кодексінің 245-бабы, 1-тармағына байланысты ең алдымен дәрілік заттардың тізімі анықталады. Сол дәрілік заттарға үстемақы белгіленіп, шекті бағалары белгіленеді. Біз көтерме және бөлшек саудадағы дәрілік заттардың бағасын жылына 2 рет реттейміз. Қазіргі таңда шекті бағаның ең қымбат мөлшері 500 мыңнан 700 мыңға дейін барады. Бұл — онкологиялық ауруларды емдеуге арналған дәрілік заттар, — дейді министрлік қызметкері.

Дәрі бағасының қымбаттауына монополияның қатысы бар ма?

Бағаның қымбаттауына кейде кәсіпкерлер де кінәлі болуы мүмкін. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі соңғы жылдары дәрі-дәрмек бағасына қатысты жалпы соммасы 2 млрд теңгеден асатын заң бұзушылықтарды анықтапты. Олардың ішінде дәріні бекітілген шекті бағадан асырып сатқандар мен өзара картельдік келісім жасап, препараттардың құнын әдейі көтергендер де бар. Дәл осындай заң бұзушылықтардың бірі Алматы қаласында тіркелген.

— Монополияға қарсы орган 2020 жылдың қарашасы мен 2022 жылдың маусымы аралығында Алматы қаласы прокуратурасының талабы бойынша «KFK Medservice Plus» ЖШС, «Ақниет» ЖШС, «Стофарм» ЖШС картельдік келісім бойынша тексеру жүргізді. Тергеу нәтижелері бойынша «СК-Фармация» ЖШС жүргізген дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды тасымалдау және сақтау бойынша қызметтерді сатып алуға қатысу кезінде серіктестіктер арасында өзара бәсекелестікке жол бермеу туралы келісімдерді көрсететін фактілер анықталды. 2024 жылдың сәуір айында Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық соты заң бұзушылықтар бойынша серіктестікке 342,7 млн теңге көлемінде айыппұл салды. Сот шешімдері заңды күшіне еніп, айыппұлдар төленген, — дейді агенттіктен.

Фармацевтика саласында бәсекелестік деңгейі ең жоғары деп бағаланған мегаполистегі жағдай осы. Жауаптылар өзге өңірлердегі нарықты былай бағалайды:

— Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша Агенттік 2022-2023 жылдары ДЗ көтерме сауда нарығында республиканың 12 өңірінде бәсекелестік жеткіліксіз дамығанын анықтады және келесідей сипатталады: бәсекелестік дамымаған аймақтарда жоғары шоғырланған: Астана, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақмола, Маңғыстау, Жамбыл, Ұлытау, Солтүстік Қазақстан, Абай, Қызылорда, Атырау облыстары; Шымкент, Түркістан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында орташа шоғырланған; Алматыда төмен шоғырланған, — дейді агенттіктен.

Бұл қымбатшылыққа тағы бір себеп — импортқа тәуелділік. Қазіргі таңда елімізде 8,5 мыңға жуық дәрілік зат тіркелсе, оның 82 пайызы шетелден келеді. Отандық фармацевтиканың үлесі 20 пайызға да жетпейді. Себебі, препараттарды жасайтын шикізаттарды да сырттан алдырады. Оған қоса, заманауи өндіріс үшін қажет құрал-жабдықтар мен техникалар да жетіспейді.

Еске сала кетейік, бұған дейін 2019 жылы басталған дәрі-дәрмекті таңбалау жұмыстары қалай жүріп жатқанын хабарладық. 

Соңғы жаңалықтар