Дәрігерге қол көтергендер неше жылға қамалады

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл сауалға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жауап берді.

Пациенттің шабуылынан зардап шеккен Қостанай ауруханасының дәрігері Астанаға жеткізілді
Фото: ДСМ

- Мемлекет басшысы жаңа норманы әзірлеу жүктеді, біз норма жобасын әзірледік. Бүгінде Бас прокуратурамен, Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, алдын ала оң қорытынды алынды. Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлеріне күш көрсету, қол жұмсауға қатысты жеке бап енгізіледі. Бұл Қылмыстық кодектің жаңа 158-баптың 1-тармағы болады, ол бостандықты шектеу немесе айыру жазасын қарастырады, - деді Ақмарал Әлназарова Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің мәлімдеуінше, егер медициналық қызметкерге күш қолдану қаупі төнсе және факті тіркелген жағдайда 2 жылға дейін бостандығын шектеу жазасы көзделіп отыр.

- Ал егер бір медицина қызметкеріне қатысты күш қолданған жағдайда 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, төтенше жағдай кезінде жасалған болса 10 жылға дейін, ал егер бұл әрекет бірнеше медицина қызметкеріне, яғни бір топ маманға қарсы бір немесе бірнеше адам тарапынан жасалса 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады, - дейді ведомство басшысы.

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлеріне күш көрсеткені үшін жазаны күшейтуді тапсырды. 

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Қостанай және Қарағанды қалаларында дәрігерлерге қатысты сұмдық оқиғалардан кейін қазақстандықтарға үндеу жолдады. 

Соңғы жаңалықтар