Дәрігер: Вакцина дегеніміз - вирусты адам ағзасына таныстыру
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Вакцина дегеніміз - адамның ағзасына вирусты таныстыру. «Вирус бар, оның штамдары мынау, егер сен осыны білсең, сен одан қорғана аласың» деп ағзаны таныстырамыз. Бұл туралы №6 Ақтөбе қалалық емханасының менеджері Әділбек Исмайлов «Ақтөбе» телеарнасының тікелей эфирінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
№6 Ақтөбе қалалық емханасының менеджері Әділбек Исмайлов коронавирус инфекциясы, омикрон штамымен күрес жұмысы мен вакцина салдыру жайында «Желіде 103» бағдарламасында айтып берді.
Ол алдымен вирустың штамдарына тоқталып, аурудың таралу жолын бөлісті.
«COVID-19 вирустың бір түрі болса, оның штамдары әртүрлі. «Омикронның» ерекшелігі – тез таралуы. Мәселен біз коронавирус инфекциясын жұқтырған кезде оның симптомдары 14 күннің ішінде көрінді. Кейін «Дельта» штамы келген кезде 7 күнге қысқарды, ал «Омикронда» екі сағат пен екі тәуліктің арасы. Неігізі штамдарға бөлгенімізбен, ауру белгілерін ажырату өте қиын. Жалпы бәрінің клиникалық белгісі ұқсас. Алғашқыда тұмауратып, қамсыз жүргенде асқынып кетеді. Тек вирусологиялық тексеруден соң анықталып жатады. Тиімді жолы ПТР сынама алып, нақтылау. Түсінікті етіп айтар болсақ, ата, бала, немере деп тарқатамыз. Вирус та сондай, бірнеше түрге бөлінеді. Оның барлығы мутациядан, бір түрден екіншісіне ауысуына байланысты. Өзгеріс адамзатқа кері әсерін тигізіп тұр. «Омикрон» штамында өлім-жітім аз болғанымен, адамның жұмыс істеу қабілеті, өсім сүру сапасын төмендетеді», - деді Әділбек Исмайлов.
Айта кетейік, әзірге Ақтөбеде «Омикрон» штамы тіркелген жоқ. Бірақ қамсыз отыруға болмайды. Себебі еліміздің өзге өңірінде бар вирустың облысқа да жетуі ықтимал.
«Біріншіден, вакцина салдыру керек. Екіншіден, жеке бас гигиенасын сақтау маңызды. Маска тағу, қолда таза ұстау, адам көп жиналатын орында ереже сақтау, реті келсе оқшаулану. Бәрін айтамыз, бірақ мән беріп тыңдай бермейміз. Маска тағудың маңызына тоқталсам... Инфекция ауа тамшылары арқылы тарайды. Яғни, сөйлегенде сыртқа шығады. Адамның ДНК жасушасына кіріп, дамиды да адамнан бөлінген сұйықтық арқылы жан-жаққа тарайды. Егер маска тағып жүрсек, сөйлескенде сілекей тарамайды. Бетпердені сырттан вирус жұқтырмаймын деп емес, өзгеге жұқтырмаймын деп таққан жөн. Екі сағатта бір реттік маска ылғал болып, қорғамай қалады. Сондықтан дер кезінде алмастыру маңызжы. Қолды жуу тәртібі де маңызды. Сабындап 2-3 минут жуу керек. Көз, мұрын сияқты кілегей қабатты осы арқылы да сақтаймыз», - деді дәрігер.
Әділбек Исмайлов №6 қалалық емханада сапаға жауапты. Науқастың дәрігерге шағымы, қызмет көрсету ұқыптылығы назарда. Сонымен бірге адамдарға ем іздемей, аурудың алдын алу жолын түсіндіреді.
«Егер мен вакцина салдырсам ауырмаймын деп ойлайды адамдар. Шын мәнінде олай емес. Вакцина дегеніміз - адамның ағзасына вирусты таныстыру. «Вирус бар, оның штамдары мынау, егер сен осыны білсең, сен одан қорғана аласың» деп ағзаны таныстырамыз. Вирустың бір бөлшегін енгізген кезде ағзада иммунитет қалыптаса бастайды. Мәселен, сіз бейтаныс ортаға қонаққа барасыз. Көп жағдайда сізді елемей отыра береді. Бірі Берік, екіншісі Серік танитын болар деп отыра береді. Егер сізді досыңыз апарып, өзгелермен таныстырса, басқаша қарым-қатынас болады. Вакцина да сол секілді. Ағзаға енгізіп, таныстырып қоямыз. Негізі барлық адамда иммунитет болады. Тек кейбірі иммунитетті басатын препараттар қабылдайды. Мәселен, онкологиялық, жүйелік ауруға қарсы дәрі-дәрмек. Ол кезде шынымен де иммунитет түсіп, вирусты көрмей қалады. Вакцина болса, вирус түскенде ағза біліп отырады. Көбіне біз вирустың салдырымен күресеміз. Адам ағзасының қай жері әлсіз, сол жеріне соғады. Егер науқастың жүрегі ауырса, бүйрегі сыр берсе, сол жеріне өтіп, әлсеретіп кетеді. Қазір жүрек-қам тамыры жүйесі, қант диабетімен ауырған адамдар арасында көп кездесіп жатыр. Пандемия басталғанда анықтау қиын болды, қазір зерттеу күшейіп, есімізді жиып, бағыт-бағдарымызды ажыратып алдық», - деді ол.