Дәрілік заттарды таңбалау арқылы қандай мәселелер шешіледі

АСТАНА. KAZINFORM - Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттарды таңбалауға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Kazinform.

Қазақстан дәрі-дәрмек нарығы нда импортқа қаншалықты тәуелді
Фото: egemen.kz

Атап айтқанда, дәрілік заттарды таңбалау 2024 жылғы 1 шілдеге жоспарланып отыр.

«Дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізудің мақсатына тоқталсақ, өнімді өндіру кезеңінен бастап түпкілікті нақты пациентке дейін жеткізілуі барысын мониторингілеу ескерілген. Сонымен қатар, фармакологиялық қадағалау мен дәрілік заттардың сапасын бақылаудың тиімділігін арттыру іске асырылады», - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Таңбалау аясында дәрілік заттарды сатып алу іс-шаралары жақсартылмақ.

«Мұнымен қоса, дәрілік заттардың бағасын бақылау жүзеге асырылады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттардың заңсыз айналымының жолын кесуге, сондай-ақ салық алымдарының ашықтығын арттыруға ерекше мән беріледі», - деп аталып өткен хабарламада.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығындағы импорт үлесіне қатысты мәлімет берді. 

«Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің дерегі бойынша 2022 жылы фармацевтика саласының өндірісі 162,6 млрд теңге болды. 2023 жылдың 11 айында өндіріс көлемі 131,0 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар Қаржы министрлігінің деректеріне қарағанда, 2022 жылы экспорт көлемі 32,2 млн АҚШ доллары, импорт 1,7 млрд АҚШ доллары шамасында болды. Ал 2023 жылдың 11 айында фармацевтика өнеркәсібінің экспорты 14,4 млн АҚШ долларын, ал импорт 1,6 млрд АҚШ долларын құрады», - делінген ведомство ақпаратында.

Соңғы жаңалықтар