Дастан Сәтбаев «Челсидің» көзіне қалай түскенін айтты
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Бүгін алматылық «Қайрат» клубы академия тәрбиеленушісі Дастан Сәтпаев «Челсиге» ауысқанын ресми түрде жариялады.

Клубтың әлеуметтік желідегі парақшасында Дастан Сәтпаев пен «Қайрат» ФК бақылау кеңесінің төрағасы Қайрат Боранбаев тікелей эфирге шығып, айтылған трансфердің қалай жүзеге асқанын баяндады.
Клуб төрағасының айтуынша, Швейцарияда U-17 ойыншылары арасында өткен турнирде «Қайрат» тәлімгерлері жеңіске жеткеннен кейін көптеген еуропалық клуб Дастан Сәтпаевқа қызығушылық танытқан.
— Бізге «РБ Лейпциг» пен португалиялық «Бенфикадан» ұсыныс болды. Бірақ олар сөз жүзінде болды. Ал «Челсимен» келіссөз жүргізген кезде олар бізге ресми хат жолдады. Хат алғаннан кейін Дастанның әкесіне хабарласып, «Челсиден» ресми ұсыныс бар екенін айттым. Бұл келіссөздерде қаржылық мәселелерді шешу емес, құндылықтарды анықтау маңызды болды. «Челсидің» Дастан Сәтпаевқа ерекше ықылас танытқаны маңызды болды. Қалғанын заңгерлер мен клуб қызметкерлері шешті. Нәтижесінде екі жақ та, соның ішінде Дастан да өзіне қолайлы келісімшартқа отырды, — деді ол.
Сонымен қатар, Қайрат Боранбаев жас футболшы 18 жаста «Челсиге» аттанғанға дейін ағылшын клубы жіберген жеке бапкердің назарында болатынын атап өтті. Оның айтуынша, шетелдік маман алдағы 1,5 жыл Қазақстанда тұрып, Сәтпаевтың дамуына көмектесетін болады. Сондай-ақ, ол ел біріншілігінің ойындарына тек жеке бапкерінің келісімімен ғана қатыса алады.
Дастан Сәтпаев эфир барысында Англиядағы қаралым қалай болғанын да айтып берді.
— Мен Лондонда қаралымда 2 апта болдым. Ол жақта мені жылы қарсы алды. Бастапқы кезде тілдесіп, сөйлесу қиын болды. Өйткені олар ағылшын тілінде әртүрлі акцентпен сөйледі. Бірақ уақыт өте үйреніп, өзімді көрсете алдым, — деді ол.
Сөз аяғында Сәтпаев сүйікті ойыншысы — Лионель Месси, ал қазір бой түзейтін ойыншылары — Килиан Мбаппе мен Ламин Ямаль екенін атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін танымал инсайдер қазақ ойыншысының «Челсиға» ауысқанын хабарлады.
Бүгін «Қайрат» академия түлегінің ағылшын клубына ауысқанын растады.
Сондай-ақ әлемдік футболың аңызы Сол Кэмпбелл «Челсидің» қазақстандық Дастан Сәтбаевты, ал «Манчестер Сити» клубы өзбекстандық Абдуқодир Хусановты сатып алуына байланысты пікір білдірді.