Дәстүрлі садақ атуда Аустралия Қазақстан құрамасын жеңді
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудың командалық жамбы стилінде Аустралия командасы Қазақстанды жеңіп, алтын жүлде алды. Екінші орынды Қазақстан тобы, үшінші орынды — Ресей олжалады.

Командалық сайысқа 16 елдің құрамасы қатысқан. Команда құрамында 3 ер, 2 әйел спортшы болады. Әр қатысушыға 3 оқтан 1 мүмкіндік және 5 минут уақыт беріледі. Әр тиген жебе үшін команда еншісіне 1 ұпайдан жазылады.

Қазақстан тобында Ажар Төлеуқанова, Айкөркем Батихан, Қанат Қасымхан, Марат Бексұлтан, Мақсат Әбдікерімов өнер көрсетіп, финалға жолдама алды.

Аустралияда жамбы стилі мүлдем жоқ, атып та көрмеген. Бірақ өздерінің мергендік қырын жақсы танытты. Олар алғашқы күндері алыс қашықтықта нәтиже көрсете алмады, өйткені олар тек жақын қашықтықтарды көздейді екен. Сол үшін жамбы стилі оларға қолайлы келді. Біздің жігіттердің бе бабы жақсы болды, ұпай жағынан да шамалас, тек бағы жетпей қалды. Күміс те жақсы жетістік. Жалпы медальдік есепте Қазақстан алда тұр», — деді Қазақстан құрамасының бас бапкері Диас Ахметов.
Еске сала кетсек, сайыстың алғашқы күні Жәнібек Құлмырзаев Пута нысанасын көздеуде алтын жүлде жеңіп алған еді.
Сонымен бірге қазақстандық мерген Ербол Тәпенов күміс, Қанат Қасымхан екі қола және Айкөркем Батихан тағы бір қола жүлдені ел қанжығасына салды.
Кеше «Жамбы» нысанасы бойынша Жәнібек Құлмырзаев пен Бақберген Сәлімов қола жүлдеге ие болды.