ДДҰ басшысы лауазымына жеті кандидат таласады
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бас директоры лауазымына жеті кандидат үміткер болып отыр. Мүше мемлекеттер 2027 жылғы мамырда өтетін сайлау қарсаңында өз өкілін ұсынды.
ДДҰ кандидаттардың есімдерін 29 қазанда жариялады. Ұйым басшысы лауазымына Қатар, Сауд Арабиясы, Бельгия, Испания, Индонезия, Қытай және Ботсвана өкілдері үміткер.
Ханан Мұхаммед Әл-Кувари — Қатар ұсынған кандидат. Ол 2016-2024 жылдары елдің денсаулық сақтау министрі қызметін атқарған. Сондай-ақ 2007 жылдан бастап «Хамад» медициналық корпорациясын басқарған. Қазір Әл-Кувари Қатар премьер-министріне қоғамдық денсаулық сақтау мәселелері бойынша кеңес береді. 2023-2024 жылдары ДДҰ Атқарушы кеңесінің төрайымы болған.
Ханан Балхи — Сауд Арабиясының кандидаты. Ол 2024 жылғы ақпанда ДДҰ-ның Шығыс Жерорта теңізі өңірі бойынша аймақтық директоры болып тағайындалды. Бұған дейін, 2019-2024 жылдары ұйымның микробқа қарсы препараттарға төзімділік мәселелері жөніндегі бас директорының көмекшісі қызметін атқарған. Балхи — балалардың жұқпалы ауруларына маманданған дәрігер. Сондай-ақ Сауд Арабиясында инфекциялардың алдын алу бағдарламаларын басқарған.
Ханс Анри П. Клюге — Бельгия ұсынған кандидат. Ол 2020 жылдан бері ДДҰ-ның Еуропалық өңірлік бюросын басқарады. Бұған дейін, 2009-2020 жылдары ұйымның денсаулық сақтау жүйелері және қоғамдық денсаулық сақтау бөлімін басқарған. Клюге ДДҰ және «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымымен бірлесіп, туберкулезге қарсы күрес бағдарламаларына қатысқан. Сонымен қатар Алматыда ДДҰ-ның алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығын құруға атсалысқан.
Мария П. Нейра — Испанияның кандидаты. Ол ДДҰ-да қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруіне қатысты бағыттарға жетекшілік етеді. Бұған дейін Испания денсаулық сақтау министрінің орынбасары қызметін атқарып, азық-түлік қауіпсіздігі агенттігін басқарған. Нейра гуманитарлық қызметін «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымы құрамында Орталық Америкадағы босқындар лагерлерінде бастаған. Медициналық білімі бар, эндокринология және қоғамдық денсаулық сақтау салаларына маманданған.
Будии Гунади Садикин — Индонезия ұсынған кандидат. Ол 2020 жылғы желтоқсаннан бері елдің денсаулық сақтау министрі қызметін атқарады. COVID-19 індетіне қарсы күрес пен ұлттық вакцинация бағдарламасын басқарған. Мемлекеттік қызметке келгенге дейін Bank Mandiri банкін басқарған, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар министрінің орынбасары болған. Кәсіби тәжірибесі банк саласын, өнеркәсіп пен мемлекеттік басқаруды қамтиды.
Ли Сун — Қытай ұсынған кандидат. Ол 2023 жылғы қыркүйектен бері Бүкілқытайлық әйелдер федерациясының хатшылығында жұмыс істейді. Бұған дейін Қытайдың Ұлттық денсаулық сақтау комиссиясындағы әйелдер мен балалар денсаулығын қорғау департаментін басқарған. Оның қызметі ана мен бала денсаулығын қорғау, сондай-ақ әйелдердің құқықтары мен дамуы мәселелеріне бағытталған. Ли Сун Бейжің университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінде медицина ғылымдарының докторы дәрежесін алған.
Геворг Тамамян — Ботсвана ұсынған кандидат. Ол — армян балалар онкологиясы және қан аурулары саласының маманы. Армениядағы балалар онкологиясы және гематология орталығын басқарады, сондай-ақ Ереван мемлекеттік медицина университетінің балалар онкологиясы және гематология кафедрасының меңгерушісі. 2024 жылдан бері Балалар онкологиясы халықаралық қоғамының Азия бөлімшесінің президенті қызметін атқарады.
ДДҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдерімен кандидаттардың кездесуі 18-19 қарашада Женевада өтеді. Форум ұйымның алты ресми тілінде тікелей эфирде көрсетіледі.
2027 жылдың басында ДДҰ Атқарушы кеңесі бес кандидатты іріктеп, олармен сұхбат өткізеді. Оның қорытындысы бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясының қарауына үш кандидатқа дейін ұсынады.
Кандидаттардың екінші форумы 2027 жылғы 15 наурызға жоспарланған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа басшысын тағайындау туралы түпкілікті шешімді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ассамблеясы 2027 жылғы мамырда қабылдайды. Жеңімпаз өз міндетіне 2027 жылғы 16 тамызда кіріседі.
Еске салайық, бұған дейін БАӘ БҰҰ Бас хатшысы қызметіне өз үміткерін ұсынғанын жазған едік.