ДДСҰ: Жер сілкінісінен соң 498 мыңнан астам ауғандық медициналық көмекке зәру болып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елдің шығысында болған зілзаладан соң 500 мыңға жуық Ауғанстан тұрғыны шұғыл медициналық көмекке зәру болып отыр. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан мәлім болды.

Ауғанстандағы жер сілкінісі
Фото: report.az

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәлімдеуінше, Ауғанстандағы жер сілкінісінен кейін 498 000-нан астам адам шұғыл медициналық көмекті қажет етеді, оның ішінде 11 600-ден астамы — жүкті әйелдер. Олар санитарлық жағдайы нашар, адамға лық толы уақытша баспаналарда тұрып жатыр, бұл әрине, олардың денсаулығына қауіпті.

ДДСҰ сарапшыларының айтуынша, табиғи апаттан әйелдер мен қыз балалар ерекше зардап шеккен.

Ұйым мәлімдегендей, олар медициналық мекемелерде де, уақытша лагерьлерде де негізгі қызметтерге қол жеткізуде үнемі кедергілерге тап болып жатыр, сонымен қатар, гендерлік қажеттіліктерге бейімделген жағдайлар мүлде жасалмаған.

ДДСҰ бағалауынша, ауруханалардағы жарақат алғандардың 35 пайызын әйелдер құрайды.

31 тамыз күні Ауғанстанның шығысындағы Гиндукуш тауында, Асадабад қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 27 шақырым жерде 6,2 магнитудалы жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері бүтін ауылдарды қиратқан.

Осыған дейін Ауғанстандағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2200-ден асқаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар