ДДҰ басшысы Қазақстандағы медицина қызметкерлерінің жалақысын арттыру бастамасын құптады
АСТАНА. KAZINFORM — Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Бас директоры Тедрос Аданом Гебреиесус Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) жүйесінде еңбек ететін 77 мың медицина қызметкерінің жалақысын арттыру туралы шешімді қолдады.
ДДҰ басшысы Facebook парақшасында бұл бастамаға жоғары баға берді. Оның айтуынша, халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын мемлекеттік саясаттың басты назарында ұстау, сондай-ақ медицина қызметкерлерін қолдау маңызды.
Тедрос Аданом Гебреиесус медициналық-санитариялық алғашқы көмекке инвестиция салу арқылы Қазақстан саяси ерік-жігер мен көшбасшылықтың медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға қалай ықпал ететінін көрсетіп отырғанын атап өтті.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда келесі жылғы 1 қаңтардан бастап медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) ұйымдарының учаскелік қызметіндегі 77 мың қызметкерге үздіксіз еңбек өтілі үшін қосымша ақы төлеу жоспарланып отырғанын хабарлағанбыз. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңдегі өзекті міндеттері» атты жыл сайынғы Жолдауында мәлімдеді.
Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің жалақысы қаншаға өсетінін талдап жазған едік.