DeepSeek ресурс жетіспеушілігіне байланысты чатқа кіруді шектеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың DeepSeek жасанды интеллектісін әзірлеуші компания есептеу ресурсының жетіспеушілігіне байланысты қарапайым пайдаланушылар үшін чаттың мобильді қосымша мен сайттағы чатботты қолдануға шектеулер енгізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Пайдаланушыларға платформаның сыйымдылығының жетіспеушілігіне байланысты жеті күннен астам уақыт бойы қолданылмаған ұзыннан-ұзақ диалогтардың тоқтатылатыны хабарланды. Мұндай сессияларды енді жалғастыру мүмкін емес.
Компания сонымен қатар сұрау ұзындығының шегін шамамен 40 000 таңбаға дейін қысқартты және күнделікті квоталар енгізді. Күнделікті шекке жеткенде, экранға жүйе серверге түскен жүктеменің артқаны және квотаның таусылғаны туралы хабарлама шығады.
Бұл шектеулердің енгізілуіне техникалық ақаулардың көбеюі себеп болып отыр. Қазан айынан бері чат қызметінің, сондай-ақ V4 Pro және V4.1 Flash модельдерінің API интерфейстерінің ішінара жабылып қалуына байланысты кемінде бес оқиға тіркелді. Ең ұзақ кідіріс 15 қазанда болды және бес сағатқа созылды.
Жаңа шектеулер тек мобильді қосымшалар мен веб-нұсқаларға қолданылады. Ал әзірлеушілерге арналған бағдарламалық интерфейсті ақылы тариф негізінде шектеусіз қолдануға болады.
Жаңа шектеулер енгізілгеннен кейін, әлеуметтік желі пайдаланушылары DeepSeek-ті басқа ірі тілдік модель әзірлеушілерінің үлгісіне сүйене отырып, шектеулері ұлғайтылған және тұрақтылығына кепілдік берілетін ақылы жазылымдарды енгізуге шақырды.
Еске сала кетейік, жазда DeepSeek $7,4 млрд инвестиция тартып, Қытайдағы ең қымбат ЖИ-стартап атанған еді.
Ал қазан айында DeepSeek-тің негізін қалаған Лян Вэньфэн Қытайдың ең бай 10 кәсіпкерінің бірі болды.