Декларацияда анықталмаған жасырын табыс мобильді аударымда көрінуі мүмкін – маман
АСТАНА. KAZINFORM – Мобильді аударымды айтқанда, жалпыға бірдей декларациялауды да қоса айту керек, екі жоба қатар жүргізіліп келе жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті Жеке тұлғалардың кірістерін әкімшілендіру басқармасының бас сарапшысы Ерсайын Көптілеуұлы айтып берді.

Оның айтуынша, мобильді аударымдарды бақылаудың негізі мақсаты – көлеңкелі бизнесті анықтау, көлеңкелі экономика деңгейін төмендету және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу.
− Мобильді аударымды айтқанда, жалпыға бірдей декларациялауды да қоса айту керек. Бұл екі шараның да мақсаттары бір, декларациялау кезінде анықталмаған кірістерді мобильді аударымдар арқылы анықтауға мүмкіндік бар. Сондықтан бұл екі шара қатар қолданылса, көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға болады, − деді Ерсайын Көптілеуұлы агенттіктің «Bizdin orta» подкастында.
Жалпыға бірдей декларациялау 4 кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр. Сол сияқты мобильді аударымдарды бақылау да кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.
− 2021 жылы декларациялаудың 1-кезеңінде мемлекеттік қызметшілер, оған теңестірілген жандар және олардың жұбайлары тапсырды. Ал олардың мобильді аударымдарын біз 2022 жылы тексере бастадық. Яғни 2023 жылы банктер 1-кезеңдегі тұлғалардың өлшемшарттан асып кету деректерін берді. Екінші кезеңде декларацияны мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік субъектілердің жұмысшылары және олардың жұбайлары тапсырды. Тиісінше сол кісілердің мобильді аударымдарын 2024 жылы алдық, - деп түсіндірді спикер.
Биыл 2025 жылы декларациялаудың 3-кезеңіне кірген жеке кәсіпкерлер, заңды тұлғалар басшылары және олардың жұбайларының аударымдары қоса тексеріледі және шамадан тыс аударымдар туралы ақпарат келеді.
Ал 2026 жылдан бастап, елдегі басқа да азаматтар бойынша мәліметтер жолданатын болады.
− Қазір Президент тапсырмасымен декларациялаудың 4-кезеңінің концепциясы қайта қаралып жатыр. Жалпыға бірдей декларациялау концепциясы 2010 жылы әзірленген, 14 жылда мемлекеттік мекемелердің деректер базасы барынша кеңейтілді. Сондықтан осы мүмкіндіктерді пайдаланып, 4-кезең декларанттарын босату мәселесі қаралып жатыр, - деді маман.
Дегенмен барлық мәселе елдегі салық мәдениетіне келіп тіреледі.
− Әрбір азамат өз елінің патриоты ретінде салық төлеуге міндетті. Мемлекетіміздің тірегі, бюджеттің негізгі бөлігі – салық екені жасырын емес. Сондықтан әр адамның салық мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Өйткені салық мәдениетінің төмендігінен осындай бақылау шаралары енгізіліп жатыр, - деді Е.Көптілеуұлы.
Аз сомада мобильді аударым алғандарға салық салмау ұсынылғанын жазған болатынбыз.