Декретке миллионмен: Қызылордада жүкті әйелдерге заңсыз төлем алып бергендер сотталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүктілік пен бала күтіміне байланысты заңсыз әлеуметтік төлемдер алып берумен айналысқан тұлғалардың қылмыстық әрекетін әшкереледі. Бұл туралы өңірлік департаменттің баспасөз қызметі хабарлады. 

Декретке миллионмен: Қызылордада жүкті әйелдерге заңсыз төлем алып бергендер сотталды
Фото: freepik.com

Қызылорда қаласының тұрғындары Жанерке Әбдімәлікова және Жұлдызай Бакирова жүктілікке және босануға, сондай-ақ бір жарым жасқа толғанға дейін бала күтіміне байланысты табысынан уақытша айырылған әйелдерге арналған әлеуметтік төлемдерді еселеп алу үшін заңсыз схема ұйымдастырған.

– Олар жүкті әйелдерді белгілі бір жеке кәсіпкердің жалдамалы қызметкері ретінде көрсетіп, олардың атына міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар аударған. Кейін жүктілікке және босануға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық парағын рәсімдеп берген. Нәтижесінде Ж.Әбдімәлікова 34 әйелге, Ж.Бакирова 20 әйелге заңсыз құжат рәсімдеген. Тергеу барысында аталған азаматшалардың шын мәнінде жеке кәсіпкерлердің қарамағында жұмыс істемегені анықталды. Кәсіпкерлердің өздері жалдамалы қызметкерлер тізімінде бұл азаматшалар барын білмеген. Сонымен бірге кәсіпкерлер электрондық цифрлық қолтаңбаларын (ЭЦҚ) тек салықтық есептілікті тапсыру үшін бергенін мәлімдеген, - делінген хабарламада. 

Сот үкімімен Ж.Әбдімәлікова 3 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Ал Ж.Бакирова 2 жыл 4 ай мерзімге шартты түрде сотталды.

Бұған дейін біз ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті сыртқы ауаның нақты температурасын ескере отырып, жылумен жабдықтаушы мекемелердің қызмет құнын қайта есептегенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар