Демалыс нүктелері: елорда қысқы маусымға қалай дайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл суық кеш келгенімен, Астана парктері қысқы маусымға сақадай сай. Қала көшелері безендіріліп, жаңа жылдық жарық инсталляциялары орнатылған.

Астанадағы қысқы серуенге, сырғанаққа арналған орындар тізімі жарияланды
Фото: Астана әкімдігі

Тұрғындар мен қала қонақтары қайда барып демала алады? Елордада қандай демалыс орындары келушілерді қарсы алуға дайын? Kazinform тілшісі анықтап көрді.

Қысқы маусымға ерекше дайындалған аудандардың көшін Байқоңыр бастап тұр. Мұнда аудан бойынша барлығы 9 нүктеде жаңа жылдық безендіру жұмыстары жүргізілген. Олардың 6-ауы тұрғын алаптарда орналасқан.

– Аудан бойынша барлығы 2 мұз айдыны бар. Олар «Жастар» сарайы және «Ататүрк» саябағы аумағында орналасқан. Одан бөлек, аудан бойынша 9 сырғанақ, 7 шырша, 24 шағын сәулеттік нысандар (Аяз ата, Ақшақар, бұғы, аю, барыс, қоян, сыйлықтар, аркалар, орталық көпірде: «Жаңа жылыңызбен» жазауы) бой көтерді, – дейді аудан әкімдігі Kazinform тілшісінің ресми сауалына берген жауабында.

Ал Ж.Тәшенев көшесі, Республика және Абай даңғылдары бойында ағаштар жаңа жылдық жарық гирляндаларымен әсемделген. Жалпы ұзындығы 5 шақырымнан асатын аумақта 400-ден астам ағаш мерекелік жарықпен көмкеріліпті. Сонымен қатар Абай даңғылы бойындағы Жазушылар саябағында 51 шырша мен 42 колонна жарық гирляндаларымен безендірілген.

– Саябақтардағы қысқы безендіру жұмыстарын конкурстық рәсімдер арқылы анықталған мердігер ұйымдар жүзеге асырып жатыр. Қысқы инфрақұрылымды толық іске қосу жыл соңына дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, нақты мерзімдік кесте бекітілген. Қысқы саябақтарды дайындау бюджеті аясында мұз айдындары мен сырғанақтарды орнату, жарықтандыру, шағын сәулеттік нысандарды орналастыру және күтіп-ұстау жұмыстары қарастырылған, – дейді әкімдік мамандар.

Сырғанақтарды мұздату үшін дәстүрлі су құю технологиясы қолданылады.

– Ауа температурасы талапқа сай болмаған жағдайда сырғанақтарды толық көлемде іске қосу уақытша шектеледі. Қысқы саябақтарды дайындауға бөлінген қаражат бекітілген бюджет аясында қарастырылған және ол мұз айдындарын, сырғанақтарды, безендіру элементтерін орнату мен техникалық қызмет көрсетуге бағытталған. Орталық саябақтағы өзен беттері қатпаған учаскелерде қоршаулар орнатылып, ескерту белгілері қойылды, сондай-ақ тұрақты бақылау ұйымдастырылған, – дейді мамандар.

Ал Сарыарқа ауданында қысқы демалысыңызды сапалы өткізу үшін 5 локацияға бара аласыз.

– Олар: Бейбітшілік көшесіндегі «Қалалық алаң», Бөгенбай батыр даңғылы, 43 мекенжайындағы алаң, «Көктал» паркі, Оқжетпес – А.Герцен көшелерінің қиылысындағы алаң және «Есіл» өзенінің жағалауы. Аталған аумақтарда сырғанақтар мен мұз айдындары орнатылған. Ауа райы жағдайларына байланысты сырғанақтарды қауіпсіз пайдалану мақсатында роликті механизмі бар пластиктен жасалған жасанды жабын қарастырылған. Бұл жабын сырғанақтарды жыл мезгіліне және ауа райына қарамастан пайдалануға мүмкіндік береді, – дейді аудан әкімдігі ресми сауалға берген жауабында.

Мамандар қысқы демалысты ұйымдастыруға жеке бюджет қарастырылмағанын айтады.

– Жалпы, елорданың жаңа жылдық безендірілуі мен қысқы демалысты ұйымдастыру жергілікті атқарушы органның бюджеті және демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылады. Ауданды ағымдағы безендіру аясында шағын сәулеттік формаларды монтаждау/демонтаждау, оларды күтіп-ұстау және қажет болған жағдайда жаңа жылдық безендіру мен қысқы демалыс элементтерін жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары көзделген, – дейді әкімдік қызметкерлері.

Ал Нұра аудандық әкімдігі жаңа жылдық безендіру жұмыстарына 75 млн теңге бөліпті.

– «Нұра» ауданында қысқы кезеңде Орталық саябақта, Ғашықтар саябағында және Үркер тұрғын алабында орналасқан үш ашық мұз айдыны жұмыс істейді. Биыл қысқы демалысты ұйымдастыру үшін пластмассадан жасалған сырғанақтар қолданылып жатыр. Қысқы қоғамдық кеңістіктерді дайындау және жаңажылдық безендіру іс-шараларын қаржыландыру жергілікті атқарушы орган бюджеті, сондай-ақ демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылады. Ауданға қысқы безендіру жұмыстарына шамамен 75 млн теңге бөлінді, – дейді мамандар.

Сарайшық ауданы да жаңа жылдық безендіруге бөлінген бюджеттен қалыс қалмайды. Биыл аудан әкімшілігі қала тұрғындары мен қонақтарына 50 млн теңгеге жаңа жылдық атмосфера сыйлайды.

– «Сарайшық» ауданы – елордамыздың жаңа әкімшілік бірлігі. Жаңа жылға орай аудан аумағында қала тұрғындары мен қонақтары үшін тегін қысқы демалыс нысандары орнатылады: мұз айдындары, сырғанақтар, шағын сәулет нысандары, фотозоналар және өзге де белсенділіктер. Негізгі демалыс нүктелері: «Қазақ Елі» алаңы, «Нұрлы Жол» вокзалы, Президенттік саябақ және Жұмысшы мамандықтар аллеясы. Аудан аумағында жаңажылдық шыршалар орнатылады, көшелер жарықтандырылған твинклайттармен, инсталляциялармен және басқа да әшекейлермен безендіріледі. Бірқатар қоғамдық кеңістік қысқы демалыс атмосферасын қалыптастыратын тақырыптық шағын сәулет нысандары мен жарық инсталляцияларымен толықтырылады. Қысқы безендіру жұмыстарына шамамен 50 млн теңге бөлінді, – дейді олар.

Ал Алматы ауданы биыл жаңа жылға мүлде шығындалмауды жөн көріпті.

– Қазіргі уақытта іс-шараларға ешқандай қаражат бөлінген жоқ. Сонымен қатар «Алматы» ауданы әкімінің аппараты тарапынан жаңа шағын сәулеттік нысандарды сатып алу көзделмеген – өткен жылы пайдаланылған құрылымдар қолданылады, – делінген әкімдіктің ресми сауалға берген жауабында.

Айта кетейік, Астана қаласында бір мезетте 40-тан астам жаңа жылдық шыршаның шамы жағылды.

Соңғы жаңалықтар