Демеу Жадыраевқа аздаған ептілік жетпей қалды — бас бапкер

ПАРИЖ. KAZINFORM — Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындарында грек-рим күресінен ұлттық құраманың бас бапкері Юрий Мельниченко жарыстан кейін Демеу Жадыраевтың финалдағы белдесуі жайында пікір білдірді. 

Юрий Мельиченко
Фото: видеодан алынған кадр

«Жадыраев барын салып күресті. Соңына дейін тырысып бақты. Өкінішке қарай, сәттілік жетіспеді. Кей кездері тепе-теңдік сақтай алмай қалды. Қарсыласы ептілік жағынан басымдық танытты. Физикалық тұрғыдан да мықты болды. Қанша дегенмен әлемдік деңгейдегі қарсылас. Күміс те жаман жүлде емес қой. Демеу Олимпиаданың финалына дейін жетті. Қолдау көрсеткендердің бәріне ризамын», — деді бас бапкер Юрий Мельниченко.

Ал жарыстан кейін Демеу Жадыраевтың өзі сұхбат беруден бас тартып, киім ауыстыру бөлмесіне кіріп кетті.

Айта кетейік, Демеу Жадыраев финалда жапониялық Нао Кусакадан 5:2 есебімен ұтылып, Париж Олимпиадасының күміс жүлдесін қанағат тұтты. 

Естеріңізге сала кетсек, Франция астанасы Париж қаласында өтіп жатқан XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 11 тамызда мәресіне жетеді.

Ойынға әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы қатысуда. Олимпиадашылар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салып жатыр.

Енді санаулы сәттерден кейін бокстан ерлер арасында 80 келі салмақта Нұрбек Оралбай шаршы алаңға шығады.

Ол украиналық Александр Хижнякпен алтынға таласады.

Соңғы жаңалықтар