Демократтар Трампты сотқа берді
АСТАНА. KAZINFORM – Демократиялық партияның бас прокурорлары АҚШ президенті Дональд Трамптың туа біткен азаматтықты алып тастау туралы жарлығына байланысты сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды Кazinform.

Трамп құжатқа қол қойғаннан кейін Массачусетс, Нью-Джерси, Калифорния және ел астанасы Вашингтонда 18 Демократиялық штаттың бас прокурорлары бұл қадамды конституцияға қайшы деп атап, сотқа шағым түсірді, деп хабарлайды NPR.
– Бұл оның екінші мерзіміндегі қорқынышты үні болды. Менің Президент Трампқа бір айтарым бар: сотта кездескенше, – деді Калифорнияның бас прокуроры Роб Бонта.
Дүйсенбіде Американың Азаматтық бостандықтар одағы (ACLU) сотқа Трамптың бұйрығына тосқауыл қоюға бағытталған шағым түсірді.
– Америка Құрама Штаттарында туылған балаларға азаматтық беруден бас тарту тек конституцияға ғана қайшы емес, сонымен қатар ұқыпсыз және аяусыз түрде америкалық құндылықтарды жоққа шығару болып саналады, – деді ACLU атқарушы директоры Энтони Ромеро.
Азаматтық соғыстан кейін 1868 жылы ратификацияланған 14-ші түзетуде «Америка Құрама Штаттарында туылған немесе натурализацияланған және оның юрисдикциясына жататын барлық адам автоматты түрде ел азаматы болады» деп көрсетілген.
Бұл Конституцияда афроамерикалықтардың толық азаматтық құқықтарын белгілеу үшін әзірленген болатын. Бірақ ғасырдан астам уақыт бойы ата-аналарының иммиграциялық мәртебесіне қарамастан АҚШ-та туылған барлық балаға бұл құқық берілді.
– Президенттің кеше жасаған ісі заңсыз, конституцияға қайшы. Біз иммигранттар мемлекетіміз. Біздің мемлекетте миллиондаған адамдар туа біткен азаматтыққа қол жеткізді. Бұл біздің мемлекетіміздің және Американың тарихы және ол біздің Конституциямызда нақты себептермен бекітілген, – деді Нью-Джерси бас прокуроры Мэтью Платкин.
АҚШ Конституциясына түзетулер Конгрестің кең қолдауын қажет етеді. Бірақ Калифорния мен Нью-Йорк губернаторларымен қоса демократиялық көшбасшылардың көбісі бұл шешімге наразылық танытып жатыр.
Айта кетейік, Трамп өлім жазасын федералды деңгейде қайта енгізді. Сондай-ақ, АҚШ басқа елдердің дамуына көмек көрсетуді тоқтатады.
Ақ үй АҚШ президенті Дональд Трамптың АҚШ-тың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан шығатыны туралы жарлығын жариялады.
Трамп Ақ үйге оралып, Капитолийге шабуыл жасағандарға рақымшылық жасады.