Денсаулық сақтау министрлігі неге «СҚ Фармациядан» бас тарта алмайды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова «СҚ-Фармация» ЖШС қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы сын-пікірлерге жауап берді.

«Мұнда «СҚ-Фармация» ғана емес, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығы, министрліктің департаменті мен фармацевтикалық бақылау комитеті тексеруден өтті. Шынында да, біз бұл ескертулер мен бұзушылықтармен келісеміз. Кадрлық ауыс-түйіс жасалды, биыл айтылған бұзушылықтарды ескере отырып, басқа әдіснама бойынша сатып алу жүргізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін нормативтік-құқықтық база қайта қаралып жатыр, сатып алу тәртібін өзгерту үшін министрліктің бұйрықтарын тұтастай қайта қарау қажет», - деді А. Әлназарова Үкіметте өткен брифингіде.
Сонымен бірге министр «СҚ-Фармация» жұмысын қайта қарау мен түбегейлі жабу жөнінде тілшілер сұрағына жауап берді.
«Егер «СҚ-Фармациядан» бас тартсақ, барлық сатып алуды жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. 2018 жылға дейін бізде бұл тәжірибе болды, және барлық медициналық ұйымдар өз бетінше сатып алғанда біріншіден, дәрі-дәрмектерді жеткізуде үзілістер болуы мүмкін, екіншіден, Бірыңғай дистрибьютор сатып алатын көлемді ескере отырып, кей позицияларда бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік бар. «СҚ-Фармация» құрылған сәттен бастап 250 млрд теңгеге жуық бюджет қаражатын үнемдеді. Оған қоса, «СҚ-Фармация» стационарлар үшін де, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді де сатып алуда. Жалпы «СҚ-Фармация» жұмысын түбегейлі қайта қарау керек, мұнымен толық келісеміз. Бұзушылықтардың бір бөлігі құқық қорғау органдарына берілді. Одан бөлек, жетілдіру және жалпы оңтайландыру бойынша жұмыс істейміз. Бюджет қаражатының шығыны тиімді, ашық болуы тиіс», - деді А. Әлназарова.
Еске сала кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, ағымдағы жылдың 1-тоқсанында «СҚ-Фармация» ЖШС қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, СҚФ-да халықты дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен уақтылы және сапалы қамтамасыз ету, фармацевтика саласы мен өнеркәсіпті дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруға кедергі келтіретін елеулі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар.