Денсаулық министрлігі Ақтөбеде медициналық кластердің даму қарқынын жоғары бағалады
Халықаралық конференция «Туған жер» республикалық форумы аясында ұйымдастырылды. Шара барысында мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті қолға алып, жедел жәрдем бекеті, офтальмология орталығы мен стоматология құрылысын жүргізіп отырған Ақтөбе облысының жұмысы жоғары бағаланды. Сондай-ақ атап өтілгендей, өңірде тұрғындардың өмір сүру жасы ұлғайып, өлім-жітім азайды.
«Мемлекетіміз отандық медицинаны одан әрі жетілдіру жолында үздіксіз жұмыс істеп келеді. Соңғы жылдары қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 6 жылға дейін көтерілді. Соңғы он жылдықта жалпы өлім 27 пайызға, ана өлімі 4 есеге, бала өлімі 1,5 есеге, қан жүйесі аурулары салдарынан болатын өлім 3 есеге, қатерлі істен болатын өлім 20 пайызға, туберкулез өлімі 5 есеге төмендеді. 2017 жылдан бастап халық денсаулығын нығайтуға және денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған «Денсаулық» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Халық денсаулығының жақсаруына ақтөбелік дәрігерлер де зор үлес қосып келеді. Өңірде жалпы өлім, ана мен бала өлімі, туберкулезден көз жұму, қан айналымы, оқыс оқиға салдарынан көз жұму дерегі төмендеді. Елімізде мемлекеттік бағдарламаны іске асыру үшін қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жұмысқа кірісті. Медициналық сақтандыру жүзеге асырылуда. Ақтөбе облысы денсаулық сақтау саласындағы осы реформаларды сәтті іске асырып жүрген өңірлердің бірі. Медициналық туризм дамып жатыр, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің белсенділігі жоғары. Қазіргі кезде елімізде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 14 келісімшартқа қол қойылса, оның үшеуі Ақтөбеде іске асырылуда. Офтальмология орталығы, жедел жәрдем бекеті салыну үстінде. Жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын интерактивті тақта арқылы бақылап отыруға мүмкіндік беріледі»,- деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева.
Ақтөбе Қазақстанның батыс өңірін сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуі қажет. Бұл тапсырманы орындауға барлық мүмкіндік бар. Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медициналық мемлекеттік университетінде білім алуға, жұмыс істеп, шетелде біліктілігін арттыруға жағдай жасалған. 
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев берген тапсырманы орындау үшін біз бар мүмкіндікті пайдаланып, денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, кадрларды дайындап, оларға жағдай жасауға күш саламыз. Дәрігерлерді дайындау, шетелдік әріптестермен жұмыс істеу маңызды. Соңғы жылдары Оңтүстік Корея, Ресей, Израиль, АҚШ, Еуропа елдерімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Тәуелсіздік алғаннан бастап ақтөбеліктердің өмір сүру ұзақтығы 5 жылға артты. Қазір - 72,8 жыл. Бұл денсаулықтың жақсаруы. Халық саны 15 пайызға көбейді»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Ақтөбе медицинасы Оңтүстік Кореямен тығыз байланыста жұмыс істеп жатыр. Бүйрек, бауыр ауыстыру отасы кореялық хирургтердің қатысуымен жасалып, қазір жергілікті дәрігерлердің басқаруымен күрделі іс атқарылып келеді.
«Ақтөбе медицинасы жыл сайын жаңа сатыға көтерілуде. Жаңа технологиялар енгізіліп, үлкен істер қолға алынды. «Неге Ақтөбеде?» деген сұрақ туды. Бәрі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен сәтті іске асырылып жатыр. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелге шығып ем алатын қазақстандықтардың санын төмендету үшін жұмыс жүргізіп отыр. Оның бір жолы - халықаралық байланыс орнату. Тәжірибе алмасу арқылы көп жетістікке қол жеткізуге болады. Бір сала туралы айтар болсам, өңірде жақсы трансплантологтар жұмыс істейді. Ақтөбелік хирургтердің көзінде жалын бар. Мен Ақтөбе облысы Қазақстанның батыс өңірінің, бәлкім бүкіл Қазақстанның медициналық хабы болатынына сенімдімін. Қазір Оңтүстік Корея мен Ақтөбе облысы арасында ынтымақтастық меморандумына қол қойылды»,- деді кореялық профессор Кванг Вунг Ли.
Айта кетейік, конференция аясында ынтымақтастық туралы бірнеше меморандумға қол қойылды.