Депрессияны емдемесе, шизофренияға ұласуы мүмкін — ДСМ

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде депрессияға шалдыққан қызметкерлер уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ала алады. Ол үшін психиатр маман ауруды растауы керек. 

Депрессияны емдемесе, шизофренияға ұласуы мүмкін — ДСМ
Фото: Shutterstock

— Егер жұмыс істейтін пациенттің денсаулығында кінәрат анықталып, оның жұмысқа қабілеттілігі төмендеген болса, арнайы бұйрықпен бекітілген аурулар тізіміндегі науқастарға міндетті түрде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріледі. Бұл тізімде депрессия диагнозы да бар. Себебі, бұл психикалық аурулар қатарына жатады. Бұл жаңа енгізілген ереже емес. Бұл талаптардың бәрі бұрыннан бар, — дейді ҚР ДСМ ресми өкілі Әсел Қыдырәлиева Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.

Еңбекке уақытша жарамсыздық парағын алу үшін өзіңіз тіркелген емханаға бару қажет.

— Клиникалық стандарттар мен хаттамаларға сәйкес психикалық диагноздар міндетті түрде өзінің бейінді маманымен расталуы керек. Бірақ пациенттердің бәрі тікелей психиатрға бармайды. Ол ең алдымен өзі тіркелген емханадағы учаскелік дәрігеріне немесе терапевтіне тексеріледі. Егер олар пациенттің айтып отырған шағымдарына қарап, онда депрессия белгілерін анықтаса, әр емханада бекітілген психиатр дәрігеріне жолдайды. Бұл жолдаманы емхананың психолог маманы да бере алады. Ары қарай психиатр бұл диагнозды нақтылайды. Еңбекке жарамсыздық парағын психиатр ғана бере алады, — дейді студия қонағы.

Әсел Қыдырәлиева
Фото: видеодан алынған скрин

Ал депрессияға шалдыққан науқастар аурудың деңгейіне қарай 2 айға немесе дәрігердің нұсқауымен одан да көп уақытқа жұмыстан босатылады.

— Әрбір еңбекке жарамсыздық парағының белгіленген мерзімі болады. Жалпылама ауруларға барлық емхана пациенттің жағдайына қарай 20 күнге дейін еш кедергісіз еңбекке жарамсыздық парағын аша алады. Егер 20 күнде науқастың жағдайы жақсармаса, дәрігерлер кеңесі 2 айға дейін созады. 2 айдан аса еңбекке жарамсыздық парағын ашуға болатын аурулар тізімі де бар. Егер сол тізбекте болса, дәрігер науқастың еңбекке жарамсыздық парағын ұзарта алады. Бұл аурулардың тізімінде депрессия бар, — дейді маман.

Әсел Қыдырәлиева депрессияны дер кезінде емдемесе, салдары ауыр болуы мүмкін екенін ескертті.

— Депрессияның да жеңіл, орташа, ауыр түрлері бар. Депрессияның ауыр түрі шизофренияға ұласуы мүмкін. Тіпті маниакалды түрі де болуы ықтимал. Ол қоршаған ортаға қауіпті. Немесе суицидалды түрі өз-өзіне зиян келтіруге итермелейді. Сол үшін орта және ауыр сатыларда міндетті түрде ауруханада емделу керек. Алғашқы 9 айдың қорытындысы бойынша елімізде депрессиямен диспансерлік есепте 1517 адам тұр, — дейді ол.

Айта кетейік, депрессияға қарсы дәрі ем басталғаннан кейін бірнеше апта ішінде салмаққа, жүрек соғу жылдамдығына және қан қысымына әсер етеді.

Соңғы жаңалықтар