Депутат Болашақ қаражатын қайтару ережелерін өзгертуді ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов «Болашақ» бағдарламасы бойынша гранттан айырылған стипендиаттардың қаражатты қайтаруын индекстеуді ұсынып отыр. 

Депутат Болашақ қаражатын қайтару ережелерін өзгертуді ұсынды
Фото: «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ

Депутат «Болашақ» бағдарламасы Қазақстанда 1993 жылы құрылғанын еске салды және оны жүзеге асыру жылдары мыңдаған қазақстандық мемлекеттік қаражат есебінен әлемнің жетекші университеттерінде білім алу мүмкіндігін алғанын атап өтті.

— Түрлі бағалаулар бойынша, бір стипендиаттың оқуына мемлекет жұмсайтын жалпы шығын магистратура бағдарламалары бойынша 60 мыңнан 150 мың АҚШ долларына дейін, ал докторантура бағдарламаларында — 200-250 мың долларға дейін жетуі мүмкін, — деді Магеррам Магеррамов.

Сонымен бірге, қазіргі қолданыстағы тетік бойынша стипендиядан айырылған немесе міндеттемелерін орындамаған жағдайда қаражатты қайтару инфляция мен ақшаның уақыттық құнын ескермей, мемлекет нақты жұмсаған шығындарды ғана өтеуді қарастырады.

— Экономикалық есептеулерге сәйкес, шетел валютасындағы инфляция жылына шамамен 3% болғанның өзінде, 5-10 жыл ішінде қаражаттың нақты құны шамамен 15-30%-ға төмендейді. Мысалы, егер мемлекет бір стипендиаттың оқуына 100 мың доллар жұмсаса, онда 10 жылдан кейін инфляцияны ескергендегі осы қаражаттың баламалы құны шамамен 134 мың доллар. Ал индексациясыз тек номиналды соманы қайтару кезінде мемлекеттік бюджет бір жағдайдың өзінде шамамен 34 мың доллар жоғалтады, — деп мәлімдеді депутат.

Оған қоса, депутат шығындар 150-200 мың долларға дейін артқан жағдайда, мемлекеттік бюджет үшін ықтимал шығындар бір адамға шаққанда 50-70 мың доллар болуы мүмкін екенін атап өтті.

Осыған байланысты мәжілісмен қаражатты қайтаруды индекстеу тетігін енгізуді ұсынды. Бұл бюджет қаражатының нақты құнын сақтап, стипендиаттардың қаржылық жауапкершілігін арттыруға, республикалық бюджет қаражатын анағұрлым тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Парламент палаталарының бірлескен отырысы 20 наурызда өтеді.

Соңғы жаңалықтар