Депутат Қытайда Қазақстан ұнын сататын өкілдік құруды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Мәжіліс депутаты Мұрат Ергешбаев Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің атына депутаттық сауал жолдап, Өзбекстан мен Қырғызстанның Қазақстан бидайының экспортына қандай тосқауыл қойып отырғанын мәлім етті.

Мука Ұн
Фото: Kazinform

— Қазақстан астық өңдеушілер одағының ақпаратына сәйкес астық өндейтін 250 кәсіпорын бар. Олардың ішінде нақты жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны бүгінде 80-нен аспайды. Осы 80 кәсіпорын қуаттылығының 35-45 пайызында ғана жұмыс жасап жатыр екен. Бидайды өңдемей шикізат ретінде сыртқа сату үрдісі дамып келеді. Өйткені бидайды сыртқа сату бағасы ішкі нарыққа қарағанда жоғары, оған қоса экспортқа шығатын бидайға транспорттық субсидия бар, — деп бастады депутат.

Сондай-ақ, ол астық өндірісінде жылдар бойы шешілмей келе жатқан жүйелі проблемаларды атады.

— Қосымша құн салығының жылдар бойы уақтылы қайтарылмай келеді. «Qaztrade» акционерлік қоғамы көлік шығындарын өтеу бағдарламасын жеткіліксіз қаржыландырмай, кәсіпорындар бірнеше жылдап өтемақыны ала алмады. Салдарынан еліміз ұн өнімдерін сатып келген дәстүрлі нарықтар — Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдерінен айырылып, тек Ауғанстан қалып отыр. Көршілеріміз импорттық баждардың сараланған мөлшерлемесін енгізді. Өздеріне сырттан кіретін астыққа баж салығы 0% болса, ұнға 10% белгілеп отыр. Экспорттық және оларға теңестірілген операцияларға 0% ставка жасап, қосымша құн салығын 7 күн ішінде жеделдетіп қайтару сияқты қадамдар жасап, өз астық өндірушілерін қолдап отыр, — деді Мұрат Ергешбаев.

Депутат Қазақстанда астық өңдеушілер одағы астықтың ішкі нарықта өтуін ынталандыру үшін көлік шығындарын өтеуді ұсынып отырғанын атап өтті.

— Бұл шара нәтижесінде астық өңдейтін кәсіпорындарды жандандырып, өнімді өндеу пайызы өсіп, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіден бастап ұн экспорттаушыға дейін нақты қолдау берер еді. Сонымен қоса, Қытайда жеке бизнестің қатысуымен сауда өкілдігін құрып, мемлекеттік экспорттық корпорация жұмысын қайта қарастыру арқылы отандық астық өндірушілерге көрші ел нарығын ашу қажет, — деді ол.

Еске салсақ, Қазақстан биыл Грузияға 80 мың тонна бидай экспорттауды жоспарлап отыр.

Соңғы жаңалықтар