Депутат медициналық ұйымдардың шығынға бату себебін айтты
АСТАНА. KAZINFORM – Медициналық ұйымдардың коммуналдық шығындарын тарифтен алып тастау ұсынылды. Бұл ұсынысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Үкімет сағатында көтерді.

− Бүгінде тарифтерді қайта қарау министрліктің еркіне байланысты. Қаласа – көтереді, қаламаса – көтермейді. Мысал ретінде онкологиядағы базалық тарифті қысқартуды алайық. Бұл не берді? Ешқандай үнем болмай, тек денсаулыққа зиян келді. Үлкен даумен тарифті 20%-ға қысқартты. Ал нәтиже қандай болды? Ешқандай үнем болған жоқ, керісінше, шығындар артты. Бұл қателік болды. Қазіргі тариф медициналық ұйымдардың, әсіресе стационарлардың нақты шығындарын өтемейді. Олар тек жалақы төлеуге және шұғыл қажеттіліктерді қамтамасыз етуге әрең жетеді. Медициналық ұйымдар «шықпа, жаным, шықпаның» күйін кешіп отыр, - дейді А.Аймағамбетов.
Оның айтуынша, коммуналдық қызметтерді төлеу шығындарын тарифтен алып тастау айтылғанымен, бұл мәселе әлі күнге дейін шешілген жоқ.
− Біз тұтынудың ең төменгі нормаларын бекіту қажеттілігі туралы айтып келеміз. Кеңес заманында Семашко институты болды, нормативтер болды. Ал бізде ондай нормативтер жоқ. Оларсыз медициналық қызметтің нақты құнын есептеу немесе шамадан тыс тұтыну туралы айту мүмкін емес. Дәл осы нормативтер негізінде медициналық қызметтердің көлемі, тарифтер құрылымы және клиникалық шығын параметрлері қалыптасуы керек, - дейді депутат.
Сонымен бірге, депутат алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметінің жұмысын қайта реттеу керегін айтты.
− Қазір барлық емханалар, азаматтарға қызмет көрсеткен-көрсетпегеніне қарамастан, өзіне тіркелген әр адам үшін ай сайын орта есеппен 2000 теңге жан басына шаққандағы қаржыландыру алады. Бұл тәсіл емханаларды сапалы медициналық қызмет көрсетуге мүлдем ынталандырмайды. Ештеңеге қарамастан қаражат бөлінеді. Көптеген мемлекеттік емханалар өз көлемінің едәуір бөлігін жеке және үлестес клиникаларға субмердігерлікке береді. Жеке ұйымдар да шет қалмайды. Қордың мәліметінше, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетін жеткізушілерінің 60%-ы – жеке ұйымдар, - деді ол.
Жоғары аудиторлық палатаның мәліметінше, мемлекеттік тапсырыс лицензиясы жоқ, мамандары мен қажетті жабдығы жоқ емханаларға берілген фактілер көп.
− Біздің ұсынысымыз – медициналық қызметтер көлемін жоспарлау әдістемесін, тұтыну нормаларын әзірлеу, тарифтер қалыптастырудың жаңа әдістемесін бекіту, коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарды тарифтерден бөлек көрсету. Медициналық қызметтер көлемін субмердігерлікке беру үшін нақты критерийлер мен шарттарды белгілеп, көлемнің шекті мөлшерін және медициналық қызмет түрлерін анықтау керек. Лицензия беру рәсімін қайта қарап, лицензиядан кейінгі бақылауды әр 5 жыл сайын мемлекеттік аттестация түрінде енгізген жөн, - деді А.Аймағамбетов.
Бұған дейін А.Аймағамбетов МӘМС-тің қазіргі моделі медицинаны халыққа қолжетімсіз етіп, шығынды көбейтіп, қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкелгенін, бір адамның 82 тісі «емделіп», 5 айлық баланың әлі шықпаған тістерін қанқұрттан емдегенін айтқан еді.