Депутат министрге жантүршігерлік жол апаттары туралы сауал жолдады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев жантүршігерлік жол апаттарына қатысты ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«2018 жылы жол-көлік оқиғасынан 2 мыңнан астам адам көз жұмды, 20 445 адам жарақат алды. Бейбіт заманда адамдар соғыс кезіндегі секілді қаза болуда. Зардап шеккендердің жалпы санынан 70 пайызға жуығы еңбекке жарамды жаста. Жол-көлік оқиғасы салдарынан зардап шеккендірдің көбісі мүгедек болып қалады», - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Оның сөзіне қарағанда, еліміз 28 жыл ішінде 82 мыңға тарта адамды жоғалтты, ал зардап шеккендер жарты миллионға жетті.

«Егер де бізде қаза болғандар саны жыл сайын төмендесе, ал зардап шеккендер көрсеткіші 2018 жылдың 11 айында 1991 жылдағы деңгейден асып түсті. Бұл ретте осы жылдары автокөлік саны артқаны түсінікті. Дегенмен де жол-көлік оқиғаларының көбісі көліктегі ақау немесе жол инфрақұрылымы жағдайына байланысты емес. Жолдағы апаттың басым бөлігі жол қозғалысындағы адамдардың, жүргізушілердің кінәсінен орын алуда. Бұл өз кезегінде барлық ЖКО-ның 95 пайызын қамтып отыр», - деді депутат.

Осы орайда П. Казанцев қалыптасқан жағдайды кешенді түрде шешу керектігін тілге тиек етті.

«Көлік жүргізуді үйрететін ұйымдарға қатысты, сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу бойынша емтихандар мен рәсімдерге талаптарды күшейту керек. Жолаушыларды тасымалдауды ұйымдастыру тұрғысында қадамдарды қайта қарау қажет», - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы 29 желтоқсанда Алматыдағы Сейфуллин мен Абай көшелерінің қиылысында Mitsubishi Galant пен «Mercedes Benz G-55» көліктері соқтығысқан. Жол апатынан Mitsubishi Galant көлігінде болған үш адам, белгілі актриса Шолпан Елгезекова мен оның құрбысы және Mitsubishi Galant жүргізушісі көз жұмды.

Ал көлікте болған М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы және тележүргізуші Айзада Сатыбалдиева алты қабырғасы сынып, аса ауыр халде Алматы қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасының жансақтау бөліміне жеткізілген еді.

Соңғы жаңалықтар