Депутат ірі қалалардағы урбанизация мәселесін шешудің 8 жолын ұсынды
АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа мемлекеттік мекемелерді, жоғары оқу орындары мен ауруханаларды шаһарлардың шеткі аудандары мен маңына орналастыру қала орталығына түсетін жүктемені азайтады. Шектен тыс урбанизация мәселелерін шешу жөніндегі осы секілді ұсыныстарын Құрылтай депутаты Юлия Кучинская Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
Оның сөзінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан халқының 64%-дан астамы қалаларда тұрады.
— Мемлекет басшысы Жолдауында қалаларды экономиканың, технологиялар мен адами капиталдың орталықтары ретінде айқындады. Алайда жан-жақты талдау урбанизация үдерісінің біркелкі жүрмейтінін, ретсіздік пен теңгерімсіздікке жол беріліп отырғанын көрсетеді. Еліміздегі 90 қаланың әлеуеті біркелкі емес. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бүкіл қала халқының 37%-дан астамы шоғырланған. Мұндай теңгерімсіздік бірқатар күрделі мәселеге әкеп соғуда, — деді депутат.
Ол жеке тұрғын үй құрылысы ретсіз жүргізілген ауқымды аумақтарда жол, кәріз жүйесі мен жарықтандыру сияқты негізгі инфрақұрылым жоқ екенін атап өтті.
Сонымен қатар, қала маңындағы елді мекендердегі нақты халық саны мен тіркелген тұрғындар санының айырмашылығы коммуналдық желілерге, көлік жүйесіне және әлеуметтік нысандарға түсетін жүктемені арттырып отыр.
Одан бөлек, тұрғын үй құрылысы жаңа жұмыс орындарын ашумен қатар жүзеге аспайды. Тұрғын үйге жақын жерде жұмыс орындары мен қажетті қызметтердің болмауы адамдарды күн сайын бірнеше сағатын жолға жұмсауға мәжбүр етеді. Бұл өмір сапасын төмендетеді.
— Жоғары жалақы төленетін жұмыс орындарының тапшылығы, инфрақұрылымның тозуы, сапалы білім беру, медициналық қызмет пен демалыс орындарының жетіспеуі халықтың басқа жаққа көшуіне түрткі болып отыр. Соның салдарынан өңірлер білікті кадрлардан айырылып, инвесторлар үшін тартымдылығын жоғалтады. Қазақстандағы урбанизация үдерісі Үкімет пен әкімдіктердің үйлесімді жұмысын қажет етеді, — деді Юлия Кучинская.
Аталған мәселелерді шешу үшін ол атқарылуы тиіс нақты ұсыныстарын жеткізді:
· Кешенді құрылыс салуды бақылау: тұрғын үйлерге қоныстандыруды инженерлік желілерді, жолдар мен әлеуметтік нысандарды кезең-кезеңімен пайдалануға беру кестесімен қатаң байланыстыру қажет.
· Мегаполистерді орталықсыздандыру: жаңа мемлекеттік мекемелерді, жоғары оқу орындары мен ауруханаларды қалалардың шеткі аудандары мен қала маңына орналастыру керек. Бұл балама жұмыс орындарын ашуға және қала орталығына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
· Қалаларға аудит жүргізу: еліміздегі барлық қаланың инфрақұрылымдық және экономикалық әлеуетіне кешенді талдау жүргізіп, экономикалық мамандануын ескере отырып, оларды дамыту жоспарларын өзектендіру маңызды.
· Агломерацияларды қаржыландыру: мегаполистер мен оларға іргелес облыстар арасындағы бюджетаралық қатынастарды оңтайландырып, ортақ инфрақұрылымға жұмсалатын шығындарды әділ бөлу тетігін қалыптастыру қажет.
· Бірыңғай көлік қатынасын қалыптастыру: нақты жолаушылар ағынына сәйкес «қала — қала маңы» бағыттары бойынша үздіксіз қатынайтын маршруттар әзірлеп, жылдам жүретін қала маңы электр пойыздарын іске қосу өзекті мәселе;
· Әлеуметтік нысандарды түгендеу: мектептер, кітапханалар мен мәдениет үйлерінің ғимараттарын жергілікті жерлерде балалар секциялары мен отбасылық демалысты ұйымдастыру үшін пайдалануға мүмкіндік беретін тетіктерді кеңейту керек;
· «Халық қатысатын бюджет» жобасын кеңейту: жобаның ауқымын жергілікті қоғамдастықтардың мәдени бастамаларын қамту есебінен ұлғайтып, қаражатты ең алдымен қажеттілігі жоғары аудандарға бағыттаған жөн;
· Урбанизация рейтингін енгізу: қалаларды өңірлік стандарттар жүйесі, көлік қатынасының қолжетімділігі және азаматтардың қоғамдық өмірге қатысу деңгейі бойынша бағалайтын кешенді рейтинг әзірлеу маңызды.
Сонымен қатар, депутат еліміздегі урбандалу үдерістерін ғылыми тұрғыдан сүйемелдеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді ұсынды.
Айта кетейік, бұған дейін шектен тыс урбанизацияны баяулатудың жолдары қандай екенін жазғанбыз.