Депутаттар Абай өлеңдерін оқыды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Абай күніне орай Мәжілістің бір топ депутаты ұлы ақынның шығармашылығынан үзінді оқыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутаттар Абай өлеңдерін оқыды

Мәселен Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров ұлы ақынның еңбек, шаруашылық тақырыбындағы «Түбінде баянды еңбек егін салған» өлеңін ұлттық киім киіп, ат үстінде отырып оқып берді.

«Абай атамыздың шығармалары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған өшпес шамшырақ деуге болады. Жолсілтер өлеңдер. Осы жолсілтер болған, өміріме септігін тигізген шумақтарды айтып берсем», - деді Айдарбек Қожаназаров Instagram парақшасында жарияланған видеода.


Сонымен қатар ол эстафетаны Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаевқа жолдап, шаһарда Абай ескерткішін ашу керектігін жұқалап жеткізеді.


Ал Оңтүстік Кореяда жүрген депутат Олжас Құспеков Сеул қаласында Абай Құнанбайұлының құрметіне орнатылған бюст жанында «Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап» деген өлеңін оқыды.


Абай өлеңдерін оқу челленджін квазимемлекеттік ұйымдар мен құтқарушылар да жалғастырып жатыр. Мәселен, «Қазпошта» басқарма төрағасы Әсел Жанасова «Көзімнің қарасы» әнін орындады.


Ал Ақмола облысы Жақсы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Біржан Әбілмаженов «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» деген өлеңін оқып берді.

8 тамыз күні Танымал әнші Димаш Құдайберген Абай Құнанбайұлының туған күні қарсаңында тың челлендж бастаған еді.

Челленджді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов және басқа да көптеген Қазақстан азаматтары қолдап, әлеуметтік желілерде Абай өлеңдерін оқыған видеоларын салып жатыр.

ҚР Президентінің Телерадиокешенінің, соның ішінде ҚазАқпарат агенттігінің ұжымы аталған челленджден тыс қалмады.


Қытайдың Юньнань провинциясында егіздер фестивалі өтіп жатыр
Ұқсас жаңалықтар

Қытайдың Юньнань провинциясында егіздер фестивалі өтіп жатыр