Депутаттар Ақтөбедегі мыс компаниясына әлеуметтік жауапкершілікті арттыруды тапсырды
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Мәжіліс депутаттары Хромтау ауданы, Көктау ауылына барды. Депутаттар зауыт басшылығына жол салу, ауыз су, балалардың жазғы лагері секілді мәселелерді біріге шешуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ақтөбенің Көктау ауылы «Нұрлы көш» бағдарламасымен салынған болатын. Мұнда Өзбекстаннан көшіп келген отандастарымыз қоныстанып, «Орыс мыс компаниясы» ЖШС-іне жұмысқа орналасты. Зауыттағы барлығы 1600 жұмысшының 70 пайызы ауыл тұрғыны.
«Ақтөбедегі мыс компаниясына алдымен кәсіподақ құру керек. Жұмысшылардың құқығы қорғалып, жұмыс берушілердің міндеті де бекітілген жөн. Бұл кез келген құқықтық мемлекетте сақталатын заңдылық. Ал Қазақстан құқықтық мемлекет деп есептейміз. Әр жұмысшы өзі барып, жеке басының мәселесін айту қажет емес. Бәрін ұжым болып шешуі тиіс»,- деді Парламент Мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев. Кездесу кезінде ауыл тұрғындары, жұмысшылар балалар үшін лагерь ұйымдастыруды ұсынды. Себебі, Ақтөбедегі ірі өндіріс орындарының басым бөлігінде жұмысшылардың балаларына да жағдай жасалған.
«Лагерь өте дұрыс қозғалған мәселе. Мыс компаниясы мұны қолға алуы керек. Зауыт үшін балалардың демалысын тиімді ұйымдастыру маңызды. Ол балалар ертең ата-анасының орнын ауыстырып, компанияға жұмыс істеуге келеді. Компания бүгін балаларды қамқорлығына алып, жақсылық жасауы керек. Сонда ол балалар өсіп, жақсылыққа жақсылықпен жауап береді. Мемлекет компания үшін бір ауыл салып, жұмыс күшімен қамтуға жағдай жасады. Енді компания да әлеуметтік мәселелерді шешуі тиіс»,- деді Омархан Өксікбаев.
Компания өкілдерінің айтуынша, биыл ауылды көгалдандыру жұмыстарына 20 миллион теңге аударылды. Бұл қаржыға жолдар тегістеледі. Негізінен тұрғындар кез келген мәселені ауыл әкімдігіне айтып, көмек сұрайды. Ал әкімдік бізге хабар береді. Осылайша екі тарап мәселені біріге шешеді.