Депутаттар қоқыс өңдеу нарығына Қытай инвесторлары заңсыз жолмен кірмекші деп алаңдап отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев Мәжілісте өтіп жатқан дөңгелек үстелде Қытай инвесторлары мен бірнеше қала әкімдігі тікелей келісімшарт жасау арқылы Экология кодексінің талаптарын бұзуы мүмкін екенін мәлім етті.

- Қалдықтарды қайта өңдеудің энергетикалық тарифін қашан бекітесіздер? Шекті тариф қанша болады? Аукцион қашан жариялайсыздар? Жуықта ғана Алматы және басқа қалаларда ондай зауыттарды Қытай тарабымен тікелей келісімшарт арқылы салуды жоспарлап отырғандарыңыз туралы БАҚ-та ақпарат шықты. Бұл бірінші кезекте Экология кодексін бұзып тұр ғой? Егер Үкіметтің өзі орындамайтын болса, біз мына жақта заңдарды не үшін жазып жатырмыз? Бұл жерде сыбайлас жемқорлық құрамы бар деп ойламайсыз ба, - деп сұрады депутат.
Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Жомарт Әлиев әзірге ешбір инвестормен тікелей келісімшарт жасалмағанымен, келешекте сондай бастамалар іске асуы мүмкін екенін жоққа шығармады.
- Қалдықтарды өртеу арқылы кәдеге жаратудың шекті энергетикалық тарифі 1 кВт/сағатқа 130,3 теңге болып бекітілген. Бүгінгі таңда аукциондар өткізудің қолданыстағы тәртібінде қоқысты өртеу арқылы энергия алу бағыты бойынша механизм жоқ. Аукционды бастауға заң тұрғысынан ешқандай кедергі жоқ. Алматы және бірқатар ірі қалада Қытай инвесторларынан қоқыс өртейтін зауыт салу бойынша ұсыныстар түскенін дұрыс айтып отырсыз. Бұл Үкімет деңгейінде қаралып жатқан мәселе. Бүгінгі таңда қандайда бір инвестормен ешбір тікелей келісімшарт жасалған жоқ. Бірақ Үкімет осындай норма енгізуді қарастырып жатыр, - деді ол.
Депутаттар мұның Экология кодексінің талаптарына қайшы екенін қайта еске салды.
- Неге ондай нормаға барып жатырмыз? Шынымен де бізде инвестор аукцион конкурсы арқылы анықталу керек. Бірақ қазақ Қазақстанда ондай жұмыс жүргізу тәжірибесі жоқ. Қоқысты зауытта өртеу тәжірибесі жоқ. Экология және табиғи ресурстар министрлігінде бұл мәселелерді толық бағалауға білім-білігі жететін маман жоқ, - деді вице министр.
Бұл жауапқа көңілдері көншімеген депутаттар Үкіметке ресми сауал жолдайтын болып уағдаласты.
Еске салсақ, жуықта ғана Жетісу облысында прокурорлар заңсыз қоқыс өңдейтін зауыт салмақ болған кәсіпкерден 2 гектар жерді мемлекетке қайтарған болатын.